
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Көкпекті ауылындағы «Толағай» белсенді өмір орталығына барды.
Аталған орталық 2023 жылы облыс аудандары арасында тұңғыш рет «Ұлттық спорт ойындар орталығы» ретінде жұмысын бастаған. Ауыл тұрғындары бұған дейін бос уақытты тиімді өткізуге және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға арналған арнайы жабдықталған орталықтың тапшылығын бірнеше рет айтқан болатын. Осы мәселені шешу мақсатында ауыл халқына қолжетімді, заманауи талаптарға сай спорттық нысан пайдалануға берілген.
Бүгінде мұнда 22 адам еңбек етеді. Негізгі қызмет бағыты – ұлттық спорт түрлерін дамыту және тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу. Орталық 7 бағыт бойынша жұмыс атқарады. Бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге алу, асық ату, тоғызқұмалақ және садақ ату үйірмелері бар. Сондай-ақ, бұл жерде былтыр фитнес залы ашылды. Мұнда жүгіру жолақтары, гирлер, велотренажерлер бар.
Қазіргі таңда орталықта 165 адам қамтылған. Оның 80-і – мектеп оқушылары, 85-і – ересек тұрғындар.
«Толағай» орталығы бір мезетте 40–45 адамды қабылдауға мүмкіндік береді. Нысан аптасына алты күн жұмыс істейді. Ерлер мен әйелдерге арналған мерзімдер жеке кесте бойынша ұйымдастырылған. Сондай-ақ, зейнеткерлерге аптасына екі рет тегін жаттығу жасауға мүмкіндік қарастырылған.
Облыс әкімі орталықтың жұмысын жоғары бағалап, ауыл тұрғындары үшін осындай нысандардың маңызы зор екенін атап өтті.
«Нысан өте сапалы салынған әрі әртүрлі санаттағы адамдарға қолайлы етіп жасалған. Бұл – тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды орталық. Ең бастысы, ардагерлер, зейнеткерлер мен балалар үшін тегін қызмет көрсетіледі. Өте қажет, көпшіліктің сұранысына сай келетін нысан. Мұны салуға атсалысқан азаматтарға облыс жұртшылығы атынан алғысымызды білдіреміз», – деді Берік Уәли.
Сондай-ақ, аймақ басшысы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан ақсақалдарымен бірге орталық алдына шырша көшеттерін отырғызу рәсіміне қатысты.