
Аймақ басшысы Берік Уәли қаланы аралау барысында бірқатар өндірістік кәсіпорында болып, олардың жұмысымен танысты.
Облыс әкімі әуелі «Нұр-Альфинур» ЖШС-інде болды. 2022 жылы құрылған кәсіпорын вагон жөндеу саласында жұмыс істейді. Мұнда 75 адам еңбек етеді. Кәсіпорынның ай сайынғы жобалық қуаттылығы 70 және одан да көп вагон жөндеуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорында пайдалану мерзімі аяқталған вагондарға күрделі жөндеу жасалады. Өндіріс орны доңғалақ-роликті учаске, арбалы бөлім, вагон құрастыру цехы және авто-тежегішті бақылау пункті секілді төрт негізгі бағыт бойынша қызмет атқарады. Аталған бөлімдерде вагондардың техникалық жай-күйін қалпына келтіру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүргізіледі.
Аймақ басшысы өндіріс орнының өңір экономикасын дамытудағы маңызы ерекше екенін атап өтті.
Бұдан кейін облыс әкімі «Ай-Ар» ЖШС-іне барды. 1999 жылы құрылған кәсіпорын ұн және макарон өнімдерін өндіреді. Бүгінде мұнда 220-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы 67 мың тоннаны құрайды. Сапалы ұн және макарон өнімдерін өндіру арқылы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда. Мұнда макарон өнімдерінің 15-тен астам түрі шығарылады. Жылдық макарон өндіру көлемі – 3000 тонна.
Өндірілген өнімдер ішкі нарықпен қатар Ауғанстан, Қытай, Тәжікстан және Өзбекстан елдеріне экспортталады.
Аймақ басшысы кәсіпорынды аралап, өндіріс үдерісімен, өнім сапасымен және алдағы жоспарларымен танысты.
«Кәсіпорын жұмысы жақсы жолға қойылған екен. Халық күнделікті тұтынатын сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығарып отырсыздар. Өнімдеріңізге шет мемлекеттерден де сұраныс бар. Жергілікті әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін болады. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін», – деді Берік Уәли.