
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли республикалық маңызы бар «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас» автомобиль жолының 707-шақырым учаскесіндегі жөндеу жұмыстарының барысын көрді.
Абай облысы аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2 176 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1 942 шақырым жолда күтіп-ұстау жұмыстары жүргізілуде.
Қазір «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас» автожолында кезең-кезеңімен орташа жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Былтыр 63 шақырым жол жөнделсе, биыл тағы 66 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, 2026–2027 жылдарға арналған жоспарға сәйкес аталған жолдың 53 шақырым учаскесінде қосымша жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Сондай-ақ 6 көпірге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Жолды күтіп-ұстау бағытында да жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, шұңқырлы жөндеу көлемі жоспардан асыра орындалып, 8 214 шаршы метр жол жабыны қалпына келтірілген. Сондай-ақ жол белгілерін орнату, жарықтарды бітеу және сигналдық бағаналар қою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аймақ басшысы жол инфрақұрылымын дамыту өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
«Биыл қыста Тарбағатай ауылының халқымен кездескенде тұрғындар тарапынан осы жол мәселесі көтерілген болатын. Осы орайда «Қазавтожол» Ұлттық Компаниясымен «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас» жолының 66 шақырымын жөндеу турасында келісім жасалды. Қазір қаражаты бөлінген. Енді жазғы жол жөндеу маусымы кезінде оны сапалы аяқтау қажет. Өйткені бұл тек Тарбағатай ғана емес, арғы жағындағы Қызылкесік, Сәтбаев, Ақсуат, Зайсан тұрғындары үшін де өте қажетті жол. Яғни, Алматыға тікелей жайлы жолмен қатынасақ деген халықтың арманы орындалмақ», - деді Берік Уәли.
Айта кетерлік жайт, биыл облыстық маңызы бар «Аягөз – Қарауыл» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 51 шақырым болатын екі бөлігінде жөндеу жұмыстары басталмақ.