
Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған елімізге жасаған мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен кездесті. Кездесу нәтижесінде бірқатар меморандумдарға қол қойылды.
Осыған орай, Астана қаласында өткен «Қазақстан – Түркия» бизнес-форумына қатысқан Абай облысының делегациясы түркиялық «Miryildiz KZ Ltd» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Салтанатты рәсімге Абай облысының әкімі Берік Уәли мен «Miryildiz KZ Ltd» компаниясының акционері Аслы Йылдыз қатысты. Құны 482 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жоба шеңберінде шамамен 1800 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жобаны іске асыру мерзімі 2028 жылға дейін жоспарланған.
Меморандумның негізгі мақсаты – инвестициялық ынтымақтастықты дамыту және Абай облысы аумағында «Жанан» кен орнынан өндірілетін кенді өңдеп, алтын өндіретін фабрика салу.
Тараптар жобаны табысты іске асыру үшін өзара қолдау көрсетуге, бірлескен іс-қимылдарды үйлестіруге және қолайлы жағдай жасауға келісті. Өз кезегінде облыс әкімдігі инвестициялық жобаны сүйемелдеуді қамтамасыз етіп, инвесторға мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында қажетті қолдау көрсететін болады.
Абай облысында инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірге 559,7 млрд теңге инвестиция тартылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 616,2 млрд теңгеге жетті.
Былтыр облыста инвестициялық жобалар саны 29-дан 110-ға дейін артты. Жалпы инвестициялар көлемі 2,2 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Жыл қорытындысында жалпы құны 24,1 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске қосылып, 391 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл 41 инвестициялық жобаны іске асыру нәтижесінде 131,2 млрд теңге инвестиция тартылып, 3 263 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.