
«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Семей қаласындағы Водный кентінде «Таза қала – таза орта» атты экологиялық акция ұйымдастырылды.
Тазалық шарасына облыстық қоғамдық келісім орталығы – Достық үйінің қызметкерлері, Ассамблея жастары және қаланың 50-ге жуық белсенді жасы қатысты. Қатысушылар кент аумағын қоқыстан тазартып, қоғамдық орындарды ретке келтіру жұмыстарына белсенді атсалысты.
Айта кетейік, тазалық жұмыстары жүргізілген аумақ әлеуметтік желілерге жасалған мониторинг нәтижесінде анықталған. Осыған байланысты ұйымдастырушылар қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамайтын тұрғындардың белсенділігі ерекше маңызды екенін атап өтті.
Шара барысында қатысушылар табиғатты қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін айтып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Мұндай акциялар жастарды еңбекқорлыққа, жауапкершілікке тәрбиелеп, қоғамдағы тазалық мәдениетін нығайтуға ықпал етеді.
Облыстық қоғамдық келісім орталығы – Достық үйінің әдіскері Ерсінбек Өрлеубек тазалықтың қоғам өміріндегі маңызына ерекше тоқталды.
Тазалық тек сенбілікпен шектелетін жұмыс емес, ол – әр адамның күнделікті өмір салтына айналуы керек. Қоршаған ортаны таза ұстау арқылы біз туған жерге деген құрметімізді көрсетеміз. Осындай игі шараларға жастардың белсенді қатысуы қуантады, – деді Ерсінбек Өрлеубек.
Акция соңында қатысушылар тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға шақырып, мұндай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Жалпы, «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында 4 сәуірден бері облыс бойынша өткізілген экологиялық және санитарлық тазалық шараларына 182 847 адам, сондай-ақ 2 369 ұйым мен мекеме өкілдері қатысты. Тазалық жұмыстарына 958 бірлік техника жұмылдырылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 14 387 аула мен 275 саябақ және сквер аумағы тазартылып, 9 547 тонна қатты тұрмыстық қалдық арнайы полигондарға шығарылды. Сонымен қатар, облыс аумағында 20 750 түп ағаш отырғызылды.
#ТазаҚазақстан #устойчивоеразвитие #чистаястрана #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan