Облыс әкімі спорт саласының қайраткерлерімен кездесті

Облыс әкімі спорт саласының қайраткерлерімен кездесті

4-5 мамыр күндері Семей қаласындағы «Арена» спорт кешенінде грек-рим күресінен U-15 жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Сондай-ақ, 7 мамыр күні Семей қаласында БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан белгілі журналист, көрнекті спорт комментаторы Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир болады. Осындай маңызды спорттық шаралар аясында аймақ басшысы Қазақстан спорт ардагерлері одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Елсияр Қанағатов пен белгілі спорт журналисі, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлымен кездесті.

Кездесу барысында өңірдегі спорт саласының дамуы мен өзекті мәселелері талқыланды. Қонақтар облыстың спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, жақын күндері өтетін Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнирдің маңызы зор шара екенін атап өтті.

«Seitkhan cup» турнирі 2022 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін жарыс 4 рет Алматы қаласында өткізілсе, биыл алғаш рет Амангелді Сейітханның туған жері – Абай облысында ұйымдастырылады. Турнирдің бас қолдаушысы – Абай облысының әкімдігі, ұйымдастырушысы – BAQ LIGA - Қазақстан журналистер лигасы.

Облыс әкімі кездесуде өңірдің спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен тың бастамаларға тоқталды. Облыс аумағында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Семей қаласының Бобровка және Ұшақтар кенттерінде дене шынықтыру кешендерінің құрылысы жүріп жатыр. Жыл басында Водный кентінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

Президенттің бастамасымен Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында өңірде жаңа спорт нысандары бой көтеруде. Атап айтқанда, сәуір айында Ақтөбе облысының сыйлығы – Жекпе-жек сарайының құрылысы басталды. Сондай-ақ, Павлодар облысы Семей қаласына үстел теннисі орталығын салып береді. Ірі компаниялар да бұл акцияға белсенді қатысуда. «KAZ Minerals» компаниялар тобы Семейдегі жаңа шағын ауданда заманауи стадион құрылысын бастады. Сонымен қатар сәуір айында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры қаланың оң жағалауында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға кірісті. Бұдан бөлек, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Аягөз қаласында осындай кешен салуды жоспарлап отыр.

Аймақ басшысы кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлердің ескерусіз қалмайтынын, жұмыс барысында назарға алынатынын атап өтті.