Семейде грек-рим күресінен Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир басталды

Семейде грек-рим күресінен Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир басталды

4-5 мамыр күндері Семей қаласындағы «Арена» спорт кешенінде грек-рим күресінен U-15 жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді. Сайысқа әлемнің 5 елінен (Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей федерациясы) және Қазақстанның 20 өңірінен келген 300-ден астам спортшы қатысуда. Әлем мен республиканың әр аймағынан іріктелген балуандар 11 салмақ дәрежесі бойынша боз кілемде өзара мықтыны анықтайды.

Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко және Қазақстан күрес түрлері бірінші қауымдастығының вице-президенті Дархан Сәрсенбаев қатысты.

Сайыстың ашылуында сөз сөйлеген аймақ басшысы спортшыларға сәттілік тілеп, халықаралық турнирдің жасөспірімдер спорты үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Бүгін тұңғыштар мекені, қасиетті Семей жерінде қазақ спортының мақтанышы, Олимпиада чемпионы, даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирдің ашылу салтанатында бас қосып отырмыз. Бұл жарыс – тек спорттық дода ғана емес, жас ұрпақты елдік рухқа тәрбиелейтін, ұлы тұлғаның өнегелі жолын дәріптейтін маңызды шара. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында бұқаралық спортты дамыту – салауатты қоғам қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Абай облысы үшін бұл турнирдің маңызы ерекше. Жақсылық ағамыздың спорттық қалыптасуында Семей қаласының орны ерекше. Жастық шағында осы қалаға келіп, білім алып, күрес өнерін жетілдіріп, үлкен спортқа жолдама алды. Жақсылық ағамыздың осы қаладағы спорттық жолы – өңіріміздің спорт тарихындағы маңызды кезең. Сондықтан біз оның есімін құрметтеп, дәстүрлі турнирлер өткізу арқылы ұрпақ сабақтастығын жалғастыра береміз. Халықаралық турнирге қатысуға келген барлық командаларға алғыс білдіремін», – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі жарысты тамашалап, 38 келі салмақта жүлдегер атанған спортшыларды марапаттау рәсіміне қатысты.

Облыс аумағында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Семей қаласының Бобровка және Ұшақтар кенттерінде дене шынықтыру кешендерінің құрылысы жүріп жатыр. Жыл басында Водный кентінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

Президенттің бастамасымен Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің әр өңірі өңірге бір нысаннан салмақ. Аталған акция шеңберінде сәуір айында Ақтөбе облысының сыйлығы Жекпе жек сарайының құрылысы басталды. Сондай-ақ, Павлодар облысы Семей қаласына үстел теннисі орталығын салып береді.

Акцияға ірі компаниялар да өз үлесін қосуда. «KAZ Minerals» компаниялар тобы Семейдегі жаңа шағын ауданда заманауи стадион құрылысын бастады. Сәуір айында оң жағалауда «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға кірісті. Бұдан бөлек, Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы Аягөз қаласында осындай кешен салуды жоспарлап отыр.

Жалпы, өңірде жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар Абай облысында бұқаралық спортты дамытуға және жас спортшылардың кәсіби тұрғыда шыңдалуына жаңа мүмкіндік бермек.