
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған кеңейтілген жиын өтті. Жиынға тиісті басқарма басшылары мен департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады.
Абай облысында Мемлекет басшысының 2024-2028 жылдарға ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында Үкімет бекіткен кешенді жоспарды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Облыс әкімдігі тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан тиімді мемлекеттік қолдау тетіктері мен кешенді жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы агроөнеркәсіп кешені тұрақты өсім көрсетті. 2024 жылы облыс Жол картасының нысаналы индикаторларының орындалуы бойынша республикада алдыңғы орында болса, 2025 жылдың қорытындысында алғашқы үштіктен көрінді.
Өсімдік шаруашылығында егіс алқабы 789,3 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда ұлғайды. Майлы дақылдардың көлемі 340,3 мың гектарға дейін жеткізілді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін «Кең дала» бағдарламасы аясында 14 млрд теңге бөлініп, оның басым бөлігі игерілді. Сонымен қатар, материалдық-техникалық базаны жаңарту мақсатында 700 бірлік жаңа техника сатып алынды.
Өңірде облыс әкімдігі мен ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен 2026-2028 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешеніндегі ірі инвестициялық жобалардың Жол картасы бекітілді. 2029 жылға дейін жалпы құны 112,5 млрд теңгеге 19 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Биыл аталған Жол картасына кіретін 6 жобаны жүзеге асыру арқылы 400-ден астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Оның ішінде биылғы ақпан айында 4,0 млрд тенгеге «Агролидер KAZ» ЖШС бұршақты және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу және тазарту жөніндегі зауыты іске қосылды.
Сонымен қатар, қайта өңдеу саласы бағытында іске қосылатын қуаттылығы жылына 11 400 тонна құрайтын 7,7 млрд теңгеге «Евразия Агро Семей» ЖШС базасындағы ет комбинаты, 72 000 тонна тазартылған күнбағыс майын шығаратын, құны 8,3 млрд теңгелік «Qazaq Astyq Group» ЖШС-нің ірі инвестициялық жобалары жоспарланған.
Облыста ет кластерін құру, сүтті-тауарлы фермалар салу, етті құс шаруашылығын дамыту және суармалы егіншілікті тиімді пайдалану бағытында 2031 жылға дейін агроөнеркәсіп кешен саласының инвестициялық жобаларының өңірлік пулы әзірленді. Өңірлік пулға сәйкес жалпы құны 254,0 млрд теңгеге 90 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Бұл бағытта биыл Бесқарағай ауданында құны 5,5 млрд теңгені құрайтын, жылына 150,0 млн дана жұмыртқа өндіретін құс фабрикасының құрылысы басталады. Сонымен қатар, Жарма ауданында құны 5,8 млрд теңгеге 600 басқа арналған және Бесқарағай ауданында құны 7,0 млрд теңгеге 1200 басқа арналған заманауи сүтті-тауарлы фермаларын іске асыру жобалары пысықталуда. Нәтижесінде 2 100-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылады.
Өңірде қой шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта 2026-2030 жылдарға арналған Абай облысының қой шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама аясында 300 мың бас асыл тұқымды аналық ұсақ мал сатып алу, сондай-ақ жалпы 18 мың басқа арналған 3 бордақылау алаңын құру жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасының Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспары шеңберінде Абай облысында 7 су қоймасын салу, 10 гидротехникалық құрылысты, сондай-ақ 17 ирригациялық жүйені қайта жаңарту жоспарланған.
Аймақ басшысы жиында өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
«Жалпы алғанда, І тоқсан қорытындысы бойынша белгілі бір деңгейде оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Дегенмен, біз қол жеткізген нәтижелермен тоқтап қалмай, жұмысты одан әрі жүйелі түрде жалғастыруымыз қажет. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру, инвестиция тарту, сондай-ақ, өңдеу саласын дамыту жұмыстарын күшейту керек. Ауыл шаруашылығы – Президент пен Үкіметтің ерекше бақылауындағы сала. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Абай облысы – ауыл шаруашылығына бейім өңір. Облыстың аумағы егіс егуге де, мал шаруашылығына аса қолайлы. Осы әлеуетімізді дұрыс, тиімді пайдалануымыз керек. Бүгінгі жиынды облыстың ауыш шаруашылығына қатысты ұзақ мерзімді жұмыс жсопарларының алғышарты деп қарасақ та болады», – деді Берік Уәли.