Семейде Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік шара өтті

Семейде Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік шара өтті

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Абай облысында кең көлемде аталып өтіп жатыр.

Бүгін Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданындағы Республика алаңында «Семей көктемі» мәдени маусымы аясында «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты мерекелік фестиваль өтті.

Облыс әкімі Берік Уәли өңір тұрғындарын атаулы мерекемен құттықтап, бірлік пен татулықтың маңызын атап өтті.

«Баршаңызды ұлыс пен ұлтты ұйыстырған, татулық пен тұтастықтың мерекесі – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – бірлік пен ынтымақтың ең мейірімді әрі жарқын мерекесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ. Осы стратегияның арқасында түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – мағынасы терең нақты жетістік», – деп айрықша атап өткен болатын. Ежелден қазақы қаймағы бұзылмаған, дәстүрін дәріптеп, салтын сақтаған Абай елі де әрқашан береке мен бірліктің үлгісін көрсетіп келе жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай еліміздің әр өңірі облысымызға бір нысаннан салмақ. Президентіміздің осы игі бастамасы «Абайға құрмет» аталып, жақында Үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Аталған республикалық акция аясында Маңғыстау облысының сыйлығы Достық үйінің құрылысын былтыр облыс әкімі Нұрдәулет Игілікұлы арнайы келіп, бастап кеткен болатын. Жаңадан салынып жатқан ауданымызда нысан құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі – өңіраралық бірлік пен ынтымақтың айқын көрінісі», – деді аймақ басшысы.

Шара барысында түрлі этностардың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптейтін этнокөрмелер ұйымдастырылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар қолөнершілер алаңы, «Достық кітапханасы» әдеби алаңы, балалар көрмесі, спорттық ойындар мен демалыс аймақтары жұмыс істеді. Облыс әкімі қала тұрғындарымен бірге көрмелерді, мерекелік алаңдарды аралап, концерттік бағдарламаны тамашалады.

Бүгінде облысымызда 5 Достық үйі мен 46 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында жыл сайын 1000-нан астам іс-шара өткізіледі.