
Облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес Семей қаласындағы тұрғын үйлерге ыстық су беріле бастады. Қала бойынша ыстық су жүйесі қосылған 697 үй бар. Бүгін соның 685-іне ыстық су берілді.
Аймақ басшысы былтыр жазда Семей қаласы тұрғындарын жаз кезінде ыстық сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселесін шешу жолдары қарастырылатынын айтқан болатын.
Облыс әкімінің тапсырмасымен бұл мәселе мұқият зерделеніп, тиісті талдау жүргізіліп, облыс орталығында ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған проблеманы шешудің нақты жолдары белгіленді. Алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілді. Былтыр жылыту маусымына дайындық жұмыстары аясында жалпы сомасы 12,6 млрд теңге 23 жылу орталықтары мен 22 шақырым жылу желісі жөнделді.
«Семей қаласының сол жақ жағалауында 277 үй бар. Қазіргі уақытта 270-і ыстық суға қосылды, 7 үйдің құбырларында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оң жақ жағалауда ыстық су жүйесі қосылған 420 үй болса, соның 415-і ыстық суға қосылды, 5 үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев.
Семей қаласында 21 сәуірден бастап жылу беру тоқтатылғанымен, ыстық су беру мәселесі тез арада шешімін тапты. Сол жағалауда тұрғын үйлерге ЖЭО-1, оң жағалаудағы тұрғын үйлерге Ғаббасов, «МЭН», РК-3 қазандықтары арқылы ыстық су беріліп жатыр.
Облыс орталығында 2025–2026 жылғы жылыту маусымы тұрақты өтті. Жылу жүйелерінде барлық жұмыстар уақтылы жүргізілді. Жылу көздері штаттық режимде жұмыс істеді.