
Облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтетін «Абай елі – өнер кеніші» атты облыстың аудандары арасындағы көркемөнерпаздар байқауының іріктеу кезеңі жалғасуда. Сәуір айының 20–24 күндері аралығын қамтыған өнер додасы аясында бүгінгі күнге дейін Мақаншы, Үржар, Ақсуат, Көкпекті және Бесқарағай аудандарында іріктеу кезеңдері өтіп, өңір өнерпаздарының шығармашылық әлеуеті кеңінен көрініс тапты.
Іріктеу барысында аудан өнерпаздары өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынып, өңірлердегі мәдени өмірдің қарқынын, көркемөнерпаздар шығармашылығының деңгейін және сахналық ізденістердің ерекшелігін көрсетеді.
Қатысушылардың өнерін бағалау үшін мәдениет және өнер саласының тәжірибелі мамандарынан құралған қазылар алқасы жұмыс жүргізуде. Қазылар алқасының төрағасы - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Медет Салықов. Қазылар құрамында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы театрдың директоры, жазушы-драматург Нартай Сауданбекұлы, тележобалар авторы, продюсер Рүстем Елжанов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Құрманбай Жарқынбайұлы, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның солисті Айгерім Асқарбекқызы, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, халықаралық би сайыстарының лауреаты, хореограф Айнұр Асқар бар.
Байқау талаптарына сәйкес барлық концерттік бағдарлама жанды дауыста орындалады. Бағдарлама мазмұнына шектеу қойылмайды. Әр аудан өз мүмкіндігі мен шығармашылық ерекшелігіне сай сахналық қойылымдарын ұсынады. Орындаушылық шеберлік, сахна мәдениеті және көркемдік шешімдер басты назарда.
«Абай елі – өнер кеніші» байқауы алдағы уақытта облыстың өзге аудан-қалаларында жалғасады. Іріктеу кезеңінен өткен өнерпаздар қазылар алқасының шешімімен облыс орталығында өтетін гала-концертке жолдама алады.
Айта кетейік, бұл байқау өткен жылы басталып, 1-інші орынды Абай ауданының өнерпаздары иеленген болатын.