Абай облысы мен Қытайдың Тарбағатай округі арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды

Абай облысы мен Қытайдың Тарбағатай округі арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің Тарбағатай округы партия комитетінің хатшысы Чжи Сянь Вэймен бейнеконференция арқылы байланысқа шығып, пікір алмасты. Жиынға тиісті басқарма басшылары, департамент жетекшілері қатысты. Шекаралық аймақтағы Аягөз, Үржар, Мақаншы және Ақсуат аудандарының әкімдері бейнережим арқылы қосылды.

Жиын барысында Қазақстан мен Қытай арасын жалғайтын «Тачэн – Аягөз» теміржол желісі құрылысы, «Бақты – Покиту» өткізу пунктінде «Жасыл дәліз» құру, шекаралық инфрақұрылымды жетілдіру, құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты күшейту және Тарбағатай аймағымен сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселелері жан жақты талқыланды.

Кездесуде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Уәлиев, Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Руслан Данияров, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Абай облысы бойынша департаментінің бастығы Асхат Ахметов, Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов және Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндады.

Қазіргі таңда Қазақстан-Қытай шекарасында «Бақты-Аягөз» теміржол учаскесін салу жобасы жүзеге асырылуда. Ұзындығы 303 шақырым болатын құрылыс жұмыстарында 69 көпір, 359 су өткізгіш құбыр қарастырылған.

«Бақты – Покиту» өткізу пункті – Қазақстан мен Қытай арасындағы маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі уақытта штаттық режимде жұмыс істеуде. Оның тұрақты қызметін қамтамасыз ету үшін бақылаушы органдардың өзара іс-қимылы жолға қойылып, шекаралық рәсімдерді оңтайландыру, көлік кептелісін болдырмау және өту уақытын қысқарту шаралары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, өткізу қабілетін арттыру және рәсімдерді жеңілдету мақсатында қытай тарапымен өзара үйлестіру жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта Абай облысында Қытай инвесторларының қатысуымен 2,2 млрд долларлық 10 жоба жүзеге асырылып жатыр. Көрші елмен сауда айналымы өсіп, Тарбағатай аймағымен өңіраралық ынтымақтастық артып, сондай-ақ, «Бақты» өткізу пунктін дамыту арқылы өндіріс пен логистика салаларындағы бірлескен жобалар кеңейтілуде.

Екі тарап кездесуде өңіраралық ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылап, бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендерін білдірді.

Облыс әкімі өңіраралық әріптестікті нығайтудың маңызын атап өтіп, Чжи Сянь Вэйді Қытай Халық Республикасының кәсіпкерлерімен өтетін инвестициялық форумға қатысуға шақырды.

«Абай облысының атынан бүгінгі кездесуді ұйымдастыруға бастамашылық танытқандарыңызға алғысымды білдіремін. Бүгінгі кездесу барысында қаралған барлық мәселелер – Абай облысы мен Тарбағатай аймағы арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған маңызды бастамалар. Біз өз тарапымыздан барлық көтерілген мәселелер бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге және қытайлық әріптестермен тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенімізді білдіреміз. Алдағы уақытта бірлескен жобаларды нақты іске асыру арқылы өңіраралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін», – деді Берік Уәли.

Өз кезегінде Тарбағатай округы партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэй «Аягөз-Тачен» темір жол желісі мен Бақты кеден бекетінің өткізу пунктінің құрылысын жандандыруға қатысты ұсыныстарын айтты. Екі жақты әріптестікті одан әрі нығайтуға сенім білдіріп, аймақ басшысын Тачэн қаласында өтетін «Бақты» форумына қатысуға шақырды.

«Бүгінгі кездесу ынтымақтастығымызды жаңа, сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық басшылығымен Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынастар тұрақты дамып, өзара тиімді ынтымақтастықтың зор әлеуеті мен кең мүмкіндіктерін көрсетуде. Біз өткізу пункттерінің әлеуетіне сүйеніп және өзара тиімділік қағидатын басшылыққа ала отырып, Қазақстан тарапымен басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты ілгерілетуге дайынбыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында өңіраралық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп, нақты нәтижелерге қол жеткізіп, екі ел халқының игілігіне қызмет етеді деп сенеміз», – деді ол.