«Абайға құрмет»: Семейде Ақтөбе облысының тартуы – Жекпе-жек сарайының құрылысы басталды

«Абайға құрмет»: Семейде Ақтөбе облысының тартуы – Жекпе-жек сарайының құрылысы басталды

Абайдың 180 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында Ақтөбе облысы Семейге Жекпе-жек cарайын тарту етеді. Спорт нысаны қаланың сол жағалауында, Заря ықшамауданында салынады.

Облысымызға жұмыс сапарымен келген Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров бастаған арнайы делегация ғимарат бой көтеретін орында болып, Жекпе жек сарайының жобасын таныстырды.

Спорт нысанының жалпы аумағы – 6700 шаршы метр. Жекпе-жек сарайы 2 қабаттан тұрады. Тоғыз жүзге жуық көрерменге арналған ғимаратта негізгі күрес және бокс залы, жалпы негізгі зал, сондай-ақ, үлкен күрес және бокс залы, кіші зал және жаттығу залы болады. Жоба жүзеге асқанда кәсіби және бұқаралық спорт серпін алып, бокс, күрес, дзюдо, таэквондо, самбо сияқты жекпе-жек түрлері бойынша спортшылар дайындауға жол ашылады.

Құрылыс алаңында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров аймақ басшысы Берік Уәлимен бірге өңірдің жас спортшылармен кездесіп, олармен пікір алмасты. Семейде салынатын Жекпе-жек сарайы спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасап, жас таланттардың шыңдалуына үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Президенттің тапсырмасы бойынша сіздерге Жекпе-жек сарайын салып береміз. «Абайға құрмет» акциясы аясында заманауи спорт ғимараты бой көтереді. Бүгін Ақтөбе делегациясы арнайы келіп, спорт нысанының жер учаскесін белгілеп, әріптесіммен осы мәселені егжей-тегжейлі талқылап, бастапқы құрылыс-монтаж жұмыстарын бастап жатырмыз. Бір жарым жылдың ішінде аяқтаймыз деген жоспарымыз бар. Бұл спорт сарайы өскелең ұрпақтың спорттың айналысуына үлкен мүмкіндік береді», – деді Ақтөбе облысының әкімі.

Облыс әкімі Берік Уәли Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровқа акцияға қолдау білдіріп, Семей қаласында Жекпе-жек сарайын салып беру үшін арнайы делегация жасақтап келгені үшін облыс жұртшылығы атынан алғысын жеткізді.

«Ақтөбе облысының бұл игі бастамасы – өңіраралық ынтымақтастықтың айқын көрінісі. Бұл – біздің қаламызға, осы ықшам ауданға өте қажет спорт кешені. Халықаралық стандарттарға сай келетін спорт сарайы спортшылардың кәсіби дайындық жүргізуіне, оқу-жаттығу процесін ұйымдастыруға және үлкен, жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге толық мүмкіндік береді. Бұл – ақтөбеліктердің Абай еліне үлкен тартуы. Президентіміздің «Абайға құрмет» акциясы аясында құрылысы басталып жатқан алғашқы нысандардың бірі. Барша Абай елінің атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз», – деді Берік Уәли.

«Абайға құрмет» акциясы аясында Алматы облысы Семей қаласындағы Қарағайлы ықшам ауданында салынған саябаққа «Алтын адам» мүсінін орнатты. Маңғыстау облысының сыйлығы Достық үйінің құрылысы жүргізілуде. Солтүстік Қазақстан облысының сыйы Рәміздер алаңының құрылысы Бейбітшілік аралында қарқынды жүргізіліп жатыр. Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, Жетісу облысы Семейдің кіреберісіне қала қақпасын, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ, Қостанай облысы руханият орталығын, Алматы қаласы медиаорталық, Астана қаласы «Келешек» мектебін салып берсе, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзені жағалауын абаттандырады. Шымкент қаласы шығармашылық орталығымен қатар Семей қаласының Водный кентіне Мәдениет үйін сыйға тартпақ.