
Абай облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін арттыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. Сонымен қатар Семей қаласындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары мен тігін өндірісі нысанын және Оқушылар сарайын аралап көрді.
Премьер-министр «Агролидер KAZ» ЖШС аумағында бұршақ және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытының жұмысымен танысып, дайын өнімді сертификаттау зертханасын, өндірістік цехтар мен технологиялық желілерді қарап шықты. Кәсіпорынның қуаты жылына 72 мың тонна шикізатты құрайды, дайын өнім шығару көлемі тәулігіне 160 тоннаға жетеді.
«Агролидер KAZ» ЖШС-нің бас директоры Николай Ушаковтың мәліметінше, зауытты жарақтандыру кезінде Түркия мен Италияның заманауи технологиялық шешімдері қолданылған. Бұл өнімді қайта өңдеу мен буып-түюдің жоғары деңгейін қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі уақытта кәсіпорында өнімнің 10-нан астам түрі өндіріледі. Өнім ішкі нарыққа жеткізіліп, сондай-ақ Еуропа, Азия және Латын Америкасы елдеріне экспортталады. Компания фермерлік шаруашылықтармен сұранысқа ие дақылдардың егіс алқаптарын кеңейту бағытында жұмыс жүргізуде. Жобаға 4,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жұмыс орны ашылған.
Премьер-министр зауыттың іске қосылуы агроөнеркәсіп кешеніндегі қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыру жөніндегі Президент қойған міндеттерге толық сәйкес келетінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, шикізатты сақтау және өңдеу қуаттарын ұлғайту, сондай-ақ сыртқы нарықтарға өткізуге қолдау көрсету қажеттілігін әрдайым атап өтуде. АӨК өнімдерінің қайта өңделген үлесін 70%-ға дейін арттыру – біздің алдымызда тұрған басып міндеттердің бірі. “Агролидер” кәсіпорны – Абай облысы үшін агроөнеркәсіп кешені саласындағы стратегиялық жоба. Кәсіпорын өңірлік деңгейде аталған тапсырмалардың жүзеге асырылып жатқанын айқын көрсетеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр сондай-ақ «Qazaq-Astyq Group» ЖШС-ның толық циклді май экстракциялау зауытында болды. Зауыт рафинадталмаған күнбағыс майын, ұн, шрот, фосфатиді бар концентрат және күнбағыс дәнінің түйіршіктелген қабығын шығарады. Кәсіпорын жылына 300 мың тонна шикізатты қайта өңдеуге жететін жобалық қуатына шықты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 112 мың тонна рафинатталмаған май, 96,6 мың тонна шрот, 11,3 мың тонна түйіршік қабық және 622 тонна фосфатиді бар концентрат өндірілді. Экспорт көлемі 112,7 мың тонна май және 88,9 мың тонна шротты құрады. Кәсіпорында 414 адам жұмыс істейді. Қазіргі уақытта жобаның екінші кезеңі, яғни, қуаттылығы тәулігіне 200 тонна күнбағыс майын рафинаттап, бөліп құюға жететін өндіріс орынының құрылысы жүруде. Оны пайдалануға беру 2026 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған, 111 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
«Техноавиа-Қазақстан» ЖШС-ның «Тігін фабрикасы» филиалында Премьер-министр өндірістік ғимаратты аралап, шығарылатын өнімдермен танысты. Кәсіпорын жылына 170 мың өнім шығарады, жабдықтар мен желілер 100% жұмыс көлемімен қамтылған. Филиал директоры Айнұр Ахметова биыл наурыз айында кәсіпорын қазақстандық тауар өндірушілердің тізіліміне енгізілгенін хабарлады. Егер бұрын барлық өнім тек экспортқа жіберіліп келген болса, енді зауыт Қазақстанның ұлттық компаниялары үшін де корпоративтік киім шығаруды жоспарлап отыр. «Техноавиа-Қазақстан» ЖШС бас директоры Жанат Әміренов келесі бір жаңа жоба – аяқ киім фабрикасы туралы баяндаған кезінде негізгі міндет – импортты алмастыру екенін жеткізді. Қазіргі уақытта кәсіпорында 152 адам жұмыс істейді. Жаңа жоба аясында тағы 200 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Кешенді іске қосу биылға жоспарланған.
Сапар барысында әлеуметтік инфрақұрылымға да ерекше назар аударылды. Премьер-министр Семейдегі құрылысы аяқталған Оқушылар сарайының дайындығын тексерді. Нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, оның ішінде қайтарылған активтер жинақталатын Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен салынды. Сарайда ғылыми-техникалық, шығармашылық және спорттық бағыттар бойынша қосымша білім алуға жағдай жасалған. Олжас Бектенов робототехника және бағдарламалау кабинеттерін, сенсорлық кабинетті, бассейн, жекпе-жек, авиамодельдеу залдарын аралап көрді. Сарайдың жалпы ауданы 9,8 мың шаршы метрді құрайды, қызметі ауысымына 500 орынға немесе күніне 2 мыңға дейін келушіге арналған. Балаларды қабылдау жазғы демалыс кезеңінде басталады деп жоспарланған. Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов нысан іске қосылғанда қаланың сол жағалауында тұратын балалардың қосымша білім алуға қолжетімділігі едәуір кеңейетінін атап өтті. Мұнда білім беруде ерекше қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасауға айрықша көңіл бөлінеді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов басталған жобалардың уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайтуды, жаңа жұмыс орындарын құруды және өткізу нарықтарын одан әрі кеңейтуді тапсырды.