Олжас Бектенов Абай облысында Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штаб отырысын өткізді

Олжас Бектенов Абай облысында Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штаб отырысын өткізді

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді. Жиында 2026 жылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері қаралды.

«Өрт қаупі бар кезең болса енді ғана басталып жатыр. Бірқатар өңірде табиғи қорықтар мен орман шаруашылықтарының аумағы жанды. Далалы жерлерде де өрт ошақтары күн сайын тіркеледі. Даладан басталған қызыл жалын орман қорына ауысуы мүмкін. Өрттер флора мен фаунаға айтарлықтай зиян келтіреді. Барлық қызметтер жедел әрекет етуге дайын болуы керек»,
— деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өз кезегінде экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ Абай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері еліміздің орман алқаптарында жалпы ауданы 794 гектардан асатын 36 өрт тіркелген. «Қазгидромет» болжамына сәйкес, 2026 жылдың көктем-жаз маусымы қалыпты көрсеткіштен 1-2 градусқа жоғары болады деп күтілуде. Сәуір айының екінші жартысында оңтүстік және батыс өңірлерде ауа температурасы +25...+35°C-қа дейін көтерілуі мүмкін. Осыған байланысты табиғи өрттер қаупін азайту жөніндегі республикалық іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып, орман және табиғатты қорғау мекемелерін техникалық жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар өрт қаупі анақұрлым жоғары аумақтарда тілсіз жауды ерте анықтау жүйелері енгізілуде.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов табиғи өрттерге жедел әрекет етуге арналған күштер мен құралдардың дайындығы туралы баяндады. Ел бойынша 50 мыңнан астам жеке құрам және 11 мыңға жуық техника дайындыққа қойылды. Бұған қоса, Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағында 5 мыңнан астам қызметкер, 853 техника, 26 әуе кемесі және 218 ұшқышсыз ұшу аппараты бар.

Жедел әрекет ету тиімділігін арттыру үшін шекаралас мемлекеттермен өзара әрекеттесуді ескере отырып, іс-қимыл алгоритмі жаңартылды. Өрт жағдайына цифрлық және ғарыштық жүйелер арқылы тәулік бойы мониторинг жүргізіледі, бұл күштерді басқаруды орталықтандыруға және шешім қабылдау уақытын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Еліміздің әрбір өңірінде авиациялық бөлімшелер құрылып, тәуекелі жоғары орман аймақтарында тәулік бойы жерүсті және әуе патрульдеуі ұйымдастырылған.

«Ауыл құтқарушылары» желісін дамыту ісі жалғасуда: бүгінде 167 өрт сөндіру бекеті жұмыс істеп тұр, олардың санын 700-ге дейін арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар күштер мен құралдардың республикалық тобы бекітілді. Мамыр айында Қостанай облысында «Өрт-2026» трансшекаралық өрттерді жою бойынша оқу-жаттығуларын өткізу жоспарланған.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков ақпараттық жүйелердің өртті модельдеуге дайын екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, қауіпті болжау және өрттің таралуын модельдеуге мүмкіндік беретін метеоспутниктік деректер негізінде Tasqyn жүйесінде өрт қауіптілік кластары мен индекстерінің картасы іске қосылды. Жылу нүктесі деректерін өңдеу уақыты 20-30 минутқа дейін қысқартылып, ғарыштық түсірілімдерге жедел қолжетімділік қамтамасыз етілген.

Өңір әкімдері қазіргі ахуал және өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, Абай облысының әкімі Берік Уәли алдын алу шараларын және патрульдеуді күшейту, ерте анықтау және ғарыштық мониторинг жүйесін енгізу, материалдық-техникалық базаны нығайту, өрт сөндіру бекеттері желісін дамыту және күштер мен құралдарды даярлау, оқу-жаттығулар өткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Жыл басынан бері облыста тіркелген 2 орман өрті ешқандай зардапсыз жойылған.