Абай облысының әкімі Берік Уәлидің өңір халқына үндеуі

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің өңір халқына үндеуі

Ардақты Абайлықтар!

Құрметті жерлестер!

Бүгін сіздерге арнайы бейнеүндеу жасауды жөн көрдім.

Абай облысы – ұлы тұлғаның атымен аталған, тарихы терең, табиғаты көркем өңір. Бұл – біздің ортақ үйіміз. Оны таза, жайлы, көрікті етіп ұстау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.

Тоғыз жолдың торабында бой көтеріп, аймақтық көлік-логистикалық хабқа айналып келе жатқан Семейіміздің географиялық орыны бізге үлкен мүмкіндік бергенімен, зор жауапкершілік те артары белгілі.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқаға емес, өзімізге керек», – деп баршамызға ортақ міндет жүктеген болатын.

Аймақ экономикасы, өнері мен мәдениеті, экологиясы мен тазалығы – баршамызға ортақ. Ал тазалық дегеніміз – айына бір рет сенбілікке қатысу емес, бұл – біздің өңірде күнделікті дағдыға айналып, салт болып қалыптасуы тиіс үлкен мәдениет.

Осыны ескере отырып, біз былтыр сәуірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облысымызда жалпыөңірлік сенбілік бастаған болатынбыз.

Соның нәтижесінде тазалық науқандарына 349 мыңнан астам тұрғын атсалысып, 52 мың тонна қоқыс шығарылды. Көгалдандыру жұмыстарының нәтижесінде 70 мыңнан астам көшет егілді. Ғарыштық мониторинг арқылы анықталған 191 рұқсат етілмеген қоқыс орындары жойылды.

Осы игі істердің заңды жалғасы ретінде облысымыздың 10 ауданында «Үлгілі ауыл» байқауын өткізген болатынбыз. Ауылдың инфрақұрылымын жақсарту мен тазалығын сақтау жұмыстарына қатысып, белсенділік танытқан 20 ауылға 20 трактордың кілтін табыстадық.

Туған жеріміздің түлегені, тұрған ортамыздың кіршіксіз болғаны, ең алдымен, өзімізге керек. Облысымыздың тазалығы – әкімдік пен коммуналдық қызметтің ғана емес, әрбір азаматтың, әрбір отбасының жауапкершілігі.

Түптеп келгенде, әркім тазалықты өзі өмір сүріп отырған ауласынан, үйінен, табыс тауып отырған бизнесі орналасқан жерден бастау керек. Біз кәсіпкерлерден өзінің дүкені, қонақ үйі, тамақтану орындары, қысқасы, барлық бизнес нысандары иелерінен өз мекемесінің айналасын таза ұстауды талап етеміз. Біз полиция департаменті мен аудан-қала әкімдеріне тиісті тапсырма бердік. Бұл талапты орындамаған кәсіпкерлерді жауапқа тартып, айыппұл салатын боламыз.

Көршілес отырған бауырлас ел өзбек халқының келіндері таңғы тірлігін ауласын сыпырудан бастайды. Мұны барлықтарыңыз көріп, біліп жүрсіздер. Осыдан олар жаман болып қалған жоқ. Бұл – тазалыққа құштарлықтан туған халықтық дәстүр. Ал әлемнің алдына шыққан жапон халқының балалары өздері оқитын мектеп, балабақшаны өздері тазалауға қаршадай кезінен үйренген. Міне, бұл – нағыз тәрбие бастауы.

Қысқасы, былтыр да айттық. Тағы да қайталап айтамыз. Сана тазармай, қала тазармайды. Міне, қыс бойы қар астына көмілген қоқыс көктеммен бірге қар еріген соң жылтырап шығып жатыр. Тазалықты өзімізден бастайық. Нағыз патриот азаматтар тазалыққа үлгі болуы керек. Көшеде албаты қоқыс тастаған адамға ескерту жасаңыз, бір-бірімізді үйретейік. Қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамайық.

Қоғамдық орынның тазалығы – әр адамның мәдениеті мен ұлтқа деген құрметінің айнасы. Тазалықты сақтау – тек тәртіп емес, бұл – ішкі құндылығымыз. Дана халқымыз «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» деп бекер айтпаған. Бұл – халқымыздың өмірлік философиясы мен бүгінгі талапқа сай ұстанымының үндесуі.

Қадірлі Абай облысының тұрғындары!

Туған жеріміздің тазалығы үшін жұмылу – әрқайсымыздың перзенттік парызымыз!

Президентіміздің жақсы бастамасын біз бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай бірігіп, мызғымас салтқа, бұзылмас дәстүрге айналдыруымыз керек. 

Қадірлі жерлестер!

Алыптар түлеген киелі топырақтың ажарына әр беру – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз! Баршаңызды жалпыөңірлік сенбілікке белсенді қатысуға шақырамын. Бастаманы барлығыңыз былтырғыдай қолдайды деп сенемін.

Ендеше, іске сәт, ағайын. Бастамамыз берекелі болсын!