Абай облысында су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды

Абай облысында су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында су тасқынына дайындық барысы қаралды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов баяндады.

Өңірде елді мекендерді инженерлік қорғау жоспары жүзеге асырылып, жоспарланған 32 іс-шараның 28-і орындалған. Бұдан бөлек қосымша 41 алдын алу шарасы жүргізілген. Нәтижесінде 33 шақырым қорғаныс бөгеті жөнделіп, 8,3 шақырым үйінді салынған. 19 шақырымнан астам арық тазартылып, 25 су өткізу құрылысы орнатылды. Елді мекендерден 457 мың текше метрден астам қар шығарылып, 168 мың текше метрге жуық еріген су сорылды.

Өзендердің қауіпті учаскелерінде жағалауды бекіту, арналарды тереңдету және түзеу жұмысы жүргізілді. Қажетті қор ретінде 62 мың қап, 12 мың тонна инертті материал және 150 тонна жанар-жағармай дайындалды. Наурыз айының басында Ертіс, Үбі өзендері мен бірқатар ауылдар маңында мұз жару жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар су басу қаупі бар аумақтарда әуе мониторингі ұйымдастырылды.

Аймақ басшысы жиында қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударып, бірқатар нақты тапсырма берді.

«Барлық деңгейдегі әкімдер мен жауапты мемлекеттік органдар су тасқыны қауіпі жоғары кезеңде 24/7 режимінде жұмыс істеуі керек. Облыстың су басу қауіпі жоғары барлық аумақтарында сағат сайын мониторинг жүргізу жүйесі енгізілуі қажет», – деді Берік Уәли.

Бұдан бөлек жиында облыстағы сумен жабдықтау нысандарының санитарлық-техникалық жай-күйі, ауыз су сапасы мен қолжетімділігі, санитариялық талаптардың сақталуы, сондай-ақ, облыстық жобалық кеңсенің қызметі, ұлттық және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы қаралды. Күнтәртібіндегі мәселелер бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұржан Ноғайбаев пен Абай облысы әкімдігінің жобалық кеңсесінің басшысы Камария Қажығалиева баяндады.

Өңірде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Су сапасына тұрақты мониторинг жасалып, анықталған мәселелер бойынша нақты шаралар қабылдануда. Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, санитарлық талаптарды сақтау және орталықтандырылған сумен қамту деңгейін арттыру бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы шаралар тұрғындарды сапалы әрі қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жобалық кеңсе бойынша облыста «Битрикс» ақпараттық жүйесіне енгізілген 261 жобаның 208-і аяқталған, 53 жоба іске асырылу кезеңінде. Ұлттық жобалар аясында бірқатар нысандар пайдалануға берілгенімен, кей жобаларда мерзімнің кешігу тәуекелі бар. Отырыста осы бағыттағы жұмысты жандандыру туралы айтылды.

Облыс әкімі жиында қаралған мәселелердің маңызы ерекше екенін атап өтіп, тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар жүктеді.