Абай облысында халықаралық театр күніне орай актерлерге құрмет көрсетілді

Абай облысында халықаралық театр күніне орай актерлерге құрмет көрсетілді

27 наурыз – халықаралық театр күніне орай Семейдегі Абай атындағы театрда салтанатты кеш өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, танымал өнер қайраткерлері Дариға Тұранқұлова, Бекжан Тұрыс, жазушы Асқар Алтай, еліміздегі жетекші театрлардың актерлері Гүлмира Жакилина,  Әсет Иманғалиев пен  Ерлан Кәрібаев қатысты.

Аймақ басшысы өнер иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңірде театр өнерін қолдауға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтті.

«Абай облысында руханият саласына, оның ішінде театр өнеріне ерекше басымдық беріліп келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Семей қаласында жаңа театр салу туралы тапсырма бергенін білесіздер. Қазіргі таңда жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл бастама шығармашылық ұжымдарға тың серпін беріп, ұлттық театр өнерінің жаңа биіктерге көтерілуіне жол ашатынына кәміл сенеміз. Бүгін Семейде театр өнерін қолдау мақсатында құрылған жоғары көркемдік кеңестің алғашқы отырысы өтті. Жиында Дариға Тұранқұлова талантты жастарды театр мамандығына оқыту жөнінде ұсыныс айтты. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына облыс әкімінің грантымен оқуға жолдама беретін боламыз. Сіздердің еңбектеріңіз – ұлт руханиятының тірегі, мәдениетіміздің мәртебесі. Халықаралық театр күні құтты болсын!», – деді Берік Уәли.

Шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дариға Тұранқұлова мен Абай, Достоевский және «Дариға-ай» театрының бірқатар қызметкерлері «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың «Дара» медалі және Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар «Ең үздік ер адам бейнесі», «Ең үздік әйел адам бейнесі» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, М.Достоевский, Бекен Имаханов, Рахымжан Отарбаев, Яков Горельников және Акбарәлі Айтибаев атындағы арнайы сыйлықтар табысталды.

Мерекелік кеш аясында Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры, Ф.М. Достоевский атындағы орыс драма театры және «Дариға-ай» жастар театрының ұжымдары көрермен назарына қойылымдарын ұсынды.