
21-22 наурыз күндері Семей қаласындағы «Арена» спорт кешенінде дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында өтетін «ABAІ OPEN» республикалық турниріне еліміздің үш қаласы мен барлық облыстарынан 400-ге жуық спортшы қатысуда. Республиканың әр аймағынан іріктелген балуандар 14 салмақ дәрежесі бойынша боз кілемде белдеседі.
Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, ҚР дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев қатысты.
Сайыстың ашылуында сөз сөйлеген аймақ басшысы спортшыларға сәттілік тілеп, дзюдо спортының жастарды тәртіпке, төзімділікке және жеңіске деген жігерге тәрбиелейтінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша» деп спорттың ел дамуы мен жарқын болашақ үшін айрықша маңызды екенін атап өткен болатын. Бүгін қасиетті Абай өлкесінде дзюдодан ересектер арасындағы «ABAI OPEN» ашық республикалық турнирінің ашылу салтанатында сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Бұл турнир – татамиде шын мықты анықталатын, шеберлік пен қайсарлық сыналатын дода. Дзюдо – тек спорт қана емес, ол тәрбие, табандылық пен рухтың шыңдалуы. Бұл жарыс спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, өңіріміздегі осы спорт түрімен айналысып жүрген жастарды жігерлендіреді. Сондықтан жарысты ұйымдастырушыларға, осында арнайы келген Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевке облыс жұртшылығы атынан алғыс айтамыз. Республикалық турнирге қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді Берік Уәли.
Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. 2023 жылдан бері облыс аумағында 16 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта 17 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде.
Облыста дзюдо спорты қарқынды дамып келеді. Біздің аймақтың спортшылары Қазақстан чемпионаттарында тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп, Азия және әлем чемпионаттарында ел намысын абыроймен қорғап жүр. Атап айтсақ, Ерлан Серікжанов, Еркебұлан Қосаев, Гүлжан Исанова –Олимпиада ойындарының қатысушылары, Азия ойындарының және Әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Жыл басында Семей қаласы Водный кентінде спорт кешені мен Ақсуат ауданының Екпін ауылында спорт модулі ашылды.
Сонымен қатар, «Туған жерге туынды тік» инвестициялық форумы аясында Семей қаласы әкімдігі мен "KAZ Minerals" ЖШС арасында меморандум шеңберінде үлкен стадионның құрылысы жүргізілуде.
Жалпы, биылғы жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында өңір спортшылары Қазақстан чемпионаттарында 161 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 40 алтын, 43 күміс және 78 қола медаль бар. Ал олимпиадалық спорт түрлері бойынша 27 алтын, 29 күміс және 59 қола жүлде иеленді. Облыстағы 26 спорт мекемесінде барлығы 14 мыңнан аса спортшы жаттығады.