Семейде республикалық командалық айтыс өтіп жатыр

Семейде республикалық командалық айтыс өтіп жатыр

Семейдегі Абай атындағы театрда облыс әкімдігінің қолдауымен, «Amanat» партиясы және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен «Жайық келіп, Ертіске қосылғанда» атты Абай облысы мен Батыс Қазақстан облысы ақындары арасында республикалық командалық айтыс өтіп жатыр. Ерекше атап өтерлігі, Мемлекет басшысы мақұлдаған «Наурызнама» онкүндігінің алтыншы күні – Жаңару күнімен тұспа тұс келген бұл дүбірлі дода Абай облысынан басталып отыр.

Айтыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, ақындар мен өнерпаздарға сәттілік тіледі. Аймақ басшысы өңірде жылдың төрт мезгіліне сәйкес «Семейдің мәдени маусымдары» атты ауқымды жоба басталғанын атап өтіп, бүгінгі айтыстың «Семей көктемінің» маңызды бір шарасы екенін айтты.

«Бүгін біз тек бір өнер додасының емес, екі өңірдің рухани тоғысуының, екі дариядай елдің дәстүрлі өнер арқылы табысуының куәсі болып отырмыз. Бірі – Батыстың баһадүр рухын арқалаған Жайық, бірі – Шығыстың шежіресін тербеген Ертіс. Екі өзеннің арнасы бөлек болғанымен, рухы – бір, тілегі – ортақ, жыры – қазақ! Бүгін сол қос арнаның жыр болып қауышар сәті. Қос өңірдің ақындарына айтарымыз – жырларыңыз жалын болсын, сөздеріңіз салмақты болсын! Еліміздің бірлігі мен ынтымағын, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін тағылымды айтыс жасаңыздар! Наурыз баршаңызға береке мен бірлік, ырыс пен ынтымақ әкелсін», – деді Берік Уәли.

Айтыстың құрметті қонағы әрі қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман. Жыр додасын ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай жүргізіп жатыр.

Сөз сайысында облыстың атынан қыз-жігіт айтысында Әсем Ережеқызы, қайым айтыста Нұржан Өмірбай, сүре айтыста Айбек Жеңісқазин, түре айтыста Қуандық Кенжебекұлы өнер көрсетуде. Сонымен қатар ұлттық өнердің ән, күй, жыр, терме жанрлары бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаева, дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев, Диас Мұратхан, күйші Дарын Құдайбергенов сынды жерлестеріміз өңір намысын қорғайды. Команда капитаны – Дәулет Сметов, команда таныстырушысы – Айша Серікжан.

Батыс Қазақстан облысы ақындарын команда капитаны Мұрадым Мирланов бастап шықты. Сүре айтыста Бауыржан Шимердинұлы, түре айтыста Жансая Мусина, қыз-жігіт айтысында Талғат Мықи, қайым айтысында Айнабек Бисенғалиев өнер көрсетті. Сонымен қатар жыршы Фархат Оразов, термеші Кенесары Болғанбаев, дәстүрлі әнші Дастан Есентеміров, күйші Тұрлыхан Абуханов сахнаға шықты.