Семей қаласының қоғамдық көлік паркі 32 заманауи автобуспен толықты

Семей қаласының қоғамдық көлік паркі 32 заманауи автобуспен толықты

Наурыз мейрамы қарсаңында Семейде заманауи, жаңа автобустар таныстырылды.

Облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес былтырдан бастап қаладағы тасымалдаушылар автопарктерін жаңарту жұмысын жүргізуде. Соның аясында «Авто Транс Семей», «Семавтопарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері Семейде құрастырылған заманауи SKYWELL NJL 6128H, SKYWELL NJL 6108H және DONG FENG BWS6665GA5 маркалы 32 жаңа автобусты сатып алды.

Жаңа автобустар жолаушылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Әр автобустың жалпы жолаушылар сыйымдылығы шамамен 100 адамға дейін жетеді. Ерекше атап өтерлігі, жаңа автобустардың барлығы салқындату құрылғылары орнатылған. Сонымен қатар аз қозғалатын азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында автобустар реттелетін отырғызу алаңымен және арнайы аппарельмен жабдықталған.

Облыс әкімі Берік Уәли жаңа автобустарды көріп, өңірде қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатынын атап өтті.

«Наурыз мейрамы қарсаңында қала тұрғындарына тамаша тарту болды деп ойлаймын. Автобустардың барлығы заман талабына сай жабдықталған. Жолаушыларға өте қолайлы. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз. Жолаушы тасымалдаушыларға әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін болады», – деді аймақ басшысы.

Семей қаласында қоғамдық көлік жүйесін жаңарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл қалаға 70-ке жуық жаңа автобус сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 46 автобусы сатып алынды. Оның 14-і жылдың басында желіге шығып, жолаушыларды тасымалдап жүр. Былтыр қоғамдық көлік паркін жаңарту мақсатында 62 автобус сатып алынған болатын. Аталған жұмыстар қаланың жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Қазіргі таңда қала аумағында 43 маршрут жұмыс істейді. Оған 329 автобус тартылған. Облыс орталығында 5 тасымалдаушы жолаушыларға қызмет көрсетеді.