Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында өңір тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету, облыс аумағындағы эпизоотиялық және эпидемиологиялық ахуал, азаматтардың өтініштерін қарау және халықпен ашық байланыс мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Раджан Сейітқанов, ветеринария басқармасының басшысы Ержан Барышев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұржан Ноғайбаев, сондай-ақ, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Нұржан Есенжолов баяндады.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта облыс аумағында ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жалпы құны 24,9 млрд теңгені құрайтын 32 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 13 жоба толық аяқталып, 20731 адам сапалы ауыз сумен қамтылды.

Аймақ басшысы жиында салаға жауапты орынбасары мен өңірдегі барлық ауыз су нысандарындағы жұмысты қысқа мерзімде толық аяқтап, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды.

«Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – жыл сайын ерекше назар аударуды талап ететін маңызды мәселе. Мемлекет басшысының тікелей бақылауындағы мәселе. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру, сумен жабдықтау инфрақұрылымының тұрақты жұмысын сақтау және коммуналдық саланың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Облыс аумағындағы бірқатар елді мекендерде су тапшылығы мен желілердің тозу қаупі сақталып отырғанын ескере отырып, барлық жауапты органдардың жобаларды іске асыру деңгейін, қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін және су құбыры нысандарының әзірлігін нақты бағалау қажет», – деді облыс әкімі.

Облыстағы эпизоотиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіліп, ауру ошақтарының пайда болуына және оның таралуына жол бермеу мақсатында ветеринариялық қызметтер тарапынан тиісті іс-шаралар атқарылуда. 2025 жылдың профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес ауыл шаруашылығы және жабайы жануарлардың аса қауіпті 11 ауруына қарсы 7,1 миллионнан астам профилактикалық манипуляция және 2 миллионнан астам диагностикалық зерттеу жүргізілді. Бруцеллезге қарсы 2 миллионнан астам мал тексерілді. Биыл 10-нан астам қауіпті ауруға қарсы 8,1 миллион екпе жүргізу жоспарланған.

Өңірде эпизоотиялық жағдай тұрақты бақылауда. 2025 жыл және ағымдағы жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша карантиндік және аса қауіпті инфекциялар тіркелмеген. 2026-2027 жылдары ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту аясында елді мекендерді 7 ветеринариялық станция, 111 ветеринариялық пункт және 118 мал қорымымен қамтамасыз ету жоспарланған. Сонымен қатар, 2026 жылы лизинг арқылы 24 арнайы техника алу көзделіп отыр.

Облыс әкімі 2026 жылға арналған ветеринариялық іс-шаралар жоспарын уақтылы және сапалы орындау қажеттігін атап өтті.

2025 жылы облыс бойынша қаралған өтініштер саны 32 762-ге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 30,6%-ға артты. Қаралған өтініштердің басым бөлігі бойынша оң шешім қабылданған. Ең көп өтініш білім және денсаулық сақтау салаларына тиесілі. Азаматтарды жеке қабылдау және азаматтарды қабылдау орталықтарының жұмысы кеңейіп, 2025 жылы орталықтарға жүгінгендер саны екі есеге артты.

Берік Уәли басқарма басшылары мен аудан-қала әкімдеріне өтініштерді қарау барысында заңнама талаптарын қатаң сақтауды, азаматтарға уақтылы әрі сапалы жауап беруді тапсырды.