Семейде жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған акция өтті

Семейде жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған акция өтті

Бүгін «Арена» спорт кешенінде «Семей» футзал клубы Қазақстан чемпионатының 28-туры аясында оралдық «Бәйтерек» командасын қабылдады. Тартысты кездесуді көпшілікпен бірге облыс әкімі Берік Уәли тамашалады. Атап өтерлігі, матч барысында облыс жастары жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған акция ұйымдастырды. Оған 5 мыңға жуық адам жиналды.

Матч алдында сөз сөйлеген аймақ басшысы алдағы Конституциялық референдумның маңызына тоқталып, ел дамуы жолындағы құнды стратегиялық құжат екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл – Президенттің соңғы 7 жылда жүргізіп отырған саяси реформаларының логикалық жалғасы. Ал Абай жұртшылығы Мемлекет басшысының саясатын толық қолдайды. 15 наурызда бір кісідей референдумға келіп, жаңа Конституцияға дауыс беруге, қолдауға шақырамын», – деді Берік Уәли.

Аймақ басшысы «Семей» футзал клубының ел спортына қосып жүрген үлесі зор екенін айтты.

«Өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Семей – қазақ футболының отаны. Ал «Семей» футзал клубы – өңіріміздің мақтанышы. Екі жыл қатарынан Қазақстан кубогын ұтып, елге, жастарымызбен балаларымызға өнегелі жол, үлгілі бағыт көрсетіп келеді. «Семей» футзал клубы Қазақстанның кәсіби футзалындағы жаңа серпін мен жаңа дәуірдің айқын көрінісі. 2023 жылы құрылған клуб аз уақыт ішінде ел спортының ажырамас бөлігіне айналып, жоғары нәтижелерімен барша жанкүйердің сеніміне ие болды. Халықаралық аренада да клубтың жетістіктері ерекше атап өтуге лайық. Биылғы маусымда команда UEFA Чемпиондар лигасының ширек финалына жолдама алды. Францияның «Этуаль» клубына қарсы өтетін қарымта ойында «Семей» футзал клубына сәттілік тілейміз. Командамызға жеңіс тілей отырып, Еуропаның ең үздік төрт командасының қатарына еніп, әлемнің мықтылары қатарында бақ сынауына тілектеспіз», – деді облыс әкімі.

«Семей» футзал клубы Қазақстан кубогының финалында «Ақтөбе» командасын жеңіп, екінші жыл қатарынан мәртебелі жүлдені иеленген болатын. Матч алдында команда капитаны Шыңғыс Есенаманов жеңіс кубогын аймақ басшысына салтанатты түрде табыстады.

«Семей» мен «Бәйтерек» командалары арасындағы кездесу тартысты өтті. Жергілікті клуб 3:1 есебімен жеңіске жетті.