«Абайға құрмет»: Семейде Рәміздер алаңының құрылысы басталды

«Абайға құрмет»: Семейде Рәміздер алаңының құрылысы басталды

Былтыр облысымызда Абайдың 180 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы басталған болатын. Бүгін Семейдегі Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысының тартуы ретінде салынатын Рәміздер алаңының іргетасын қалау рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов қатысты.

Рәміздер алаңының іргетасын қалау рәсімінде сөз сөйлеген аймақ басшысы бұл жобаның айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, өңірге Рәміздер алаңын сыйға тартқалы отырған Солтүстік Қазақстан халқына, облыстың әкімі Ғауез Нұрмұхаметбетовке өңір жұртшылығы атынан алғыс айтты.

«Мемлекет басшысының бастамасымен хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай еліміздің әр өңірі облысымызға бір нысаннан салмақ. Президентіміздің осы игі бастамасы «Абайға құрмет» аталып, жақында Үкіметтің арнайы қаулысы шыққанын білесіздер. Бұл өңіріміз үшін үлкен қолдау, тұтас қазақ жұртының, айбынды мемлекетіміздің хакім Абай рухына, оның туған өңіріне деген ізгі ілтипаты деп білеміз. Бүгінгі игі шара еліміздің қос қиырының бірлігі мен ұлттық бірегейлігінің жарқын көрінісі деп білемін. Солтүстік Қазақстан мен Абай облысы солтүстік пен шығыс шекарада жатқан шалғай аймақ болса да, ниеті ортақ, тілеуі бір екенін көрсетті. Өздеріңіз көріп отырғандай, Рәміздер алаңы Бейбітшілік аралында бой көтереді. Ежелгі Түйемойнақ, қазіргі Бейбітшілік аралы тарихқа бай, тағдырдың тезін көп көрген киелі орындарымыздың бірі екені сіздерге аян. Бұл аралда қырық жыл бойы даламызға уын шашқан атомдық сынақтардың тоқтауына орай биіктігі 20 метрлік «Өлімнен де күшті» монументі тұрғызылса, ядролық полигонның жабылғанына 20 жыл толғанда биіктігі 25 метр болатын Бейбітшілік стэлласы тұрғызылды. Енді міне Абай облысы қайтадан шаңырақ көтерген тұста биіктігі 35 метр болатын Рәміздер алаңы бой көтермек. Еліміздің тәуелсіздігінің 35 жылдығымен де тұспа тұс келіп отыр. Бұл үш таған қасиетті Бейбітшілік аралына енді толық мағына беріп, қаланың көркі мен тарихын байыта түспек. Мұндай Рәміздер алаңы тарихымызда бірінші рет салынғалы жатқанын да мақтанышпен айта кеткен жөн. Алдағы рәміздер күніне дейін алаңның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек», – деді Берік Уәли.

Нысан дөңгелек пішінде жобаланған, диаметрі – 28 метр. Жалпы биіктігі – 35 метр. Рәміздер алаңы заманауи талаптарға сай салынып, айналасының барлығы абаттандырылып,
тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті орындарының біріне айналмақ.

Аймақ басшысы шара барысында Бейбітшілік аралында Президенттің арнайы тапсырмасымен қала тұрғындарының серуендеуіне арналған көлемі 56 гектар болатын Экологиялық саябақ салынатынын айтты.

Шара барысында сөз сөйлеген Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов бұл бастаманың ел бірлігін айшықтайтын рухани маңызына тоқталды.

«Ертіс жағасындағы еңселі Семейде елдің рухын асқақтататын тарихи сәттің бастауына куә болып отырмыз. Мемлекеттік рәміздер алаңы мен стелла құрылысының капсула салу – бұл жай ғана құрылыс емес, бұл – жүректегі Отанға деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі. Бұл жоба – Солтүстік Қазақстан облысының ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының жүз сексен жылдық мерейтойына орай Абай еліне, қасиетті Семейге жасаған тартуы. Бұл – ағайынның ақ ниеті, елдің елге деген құрметі», – деді ол.

Айта кетейік, «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің бірнеше өңірі Семей қаласына бір нысаннан салып беруге өз ұсыныстарын берді. Маңғыстау облысы Достық үйінің құрылысын бастады. Шымкент қаласы шығармашылық орталығы мен Мәдениет үйін, Түркістан облысы көрме орталығын, Астана қаласы Келешек мектебін, Ақтөбе облысы жекпе жек орталығын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» орталығын, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ салуды, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандыруды жоспарлап отыр. Алматы облысы былтыр Семейдегі Қарағайлы ықшам ауданында салынған саябаққа «Алтын адам» ескерткішін орнатты.

Акцияны ірі инвесторлар да қолдап отыр. Атап айтсақ, «KAZ Minerals» компаниялар тобы Семейдегі жаңа шағын аудан­да 25 мың көрерменге арналған жаңа ста­дион құрылысын бастап кетті. Сонымен қатар ұлттық компаниялар да өз үлесін қосатын болады. «Қазақстан халқына» қоры инклюзивті спорт кешенін салып беруді жоспарлап отыр.