Ақсуат ауданының екі ауылында медициналық пункт ашылды

Ақсуат ауданының екі ауылында медициналық пункт ашылды

Бүгін Ақсуат ауданының Қожагелді және Аққала ауылдарында медициналық пункттер пайдалануға берілді. Облыс әкімі Берік Уәли «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған нысандардың ашылуына қатысты.

Қожагелді ауылында 100-ден астам тұрғын тұрады. Елді мекенде ашылған медициналық пункт тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Аймақ басшысы осы жерде ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Аудан орталығынан 10 шақырым жерде орналасқан Аққала ауылында бой көтерген нысан Екпін ауылының дәрігерлік амбулаториясына қарайды. Медициналық пункт халыққа алғашқы көмек көрсетіп, жедел жағдайларда тәулік бойы қызмет етеді.

Облыс әкімі медициналық пункттердің ашылуында сөйлеген құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Бүгін өңір халқы үшін игілікті іске, қуанышты салтанатқа жиналып отырмыз. Ақсуат ауданында ауыл тұрғындарына екі бірдей медициналық пункт елдің пайдаланылуына беріліп отыр. Бұл – мемлекетіміздің халық денсаулығын басты құндылық ретінде қарастырып, ауыл-аймақтарды дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанының айқын көрінісі. Аталған медициналық пункттер ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті қолжетімді етуге, аурулардың алдын алуға, ана мен бала денсаулығын қорғауға үлкен мүмкіндік береді. Ең бастысы, халық сапалы медициналық қызметті өз ауылында алатын болады. Жаңа нысандар ел игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, тұрғындарымыздың денсаулығын нығайтуға өз үлесін қосады деп сенемін», – деді аймақ басшысы.

Аталған елді мекендердің тұрғындары ризашылықтарын жеткізді.

«Қожагелді – шағын ауыл. Ауылымыздың жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Жол салынды, су құбыры тартылып жатыр. Көше жарығы орнатылып, елді мекеніміз көркейіп жатыр. Тұрғындардың – 90 пайызы жастар. Осындай шағын ауылдар назардан тыс қалмай, көңіл бөлініп жатқаны қуантады» , – деді Қожагелді ауылының тұрғыны Мейрамхан Құрмашов.

Өңірдің денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2025 жылы 12 медициналық ұйымға 3 мыңға жуық медициналық жабдық сатып алынды. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында Ақсуат ауданы 92 медициналық жабдыққа қол жеткізді. Бұл жабдықтар ауруды ерте кезеңде анықтауға, дәл әрі сапалы диагностика жасауға, тұрғындарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге зор мүмкіндік береді.

Медициналық нысанның ашылуынан соң аймақ басшысы Аққала ауылының тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдады. Облыс әкімі жол бойындағы елді мекеннің болашағы зор екенін, алдағы уақытта бұрынғы әуежайдың қайта жаңғыртылатынын, қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын айтты.