
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен Абай облысының өңірлік инвестициялық штабының кезекті отырысы өтті. Жиынға тиісті басқарма басшылары және инвесторлар қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.
Отырыс барысында инвесторлардың өңірде жүзеге асыруды жоспарлап отырған жобалары таныстырылды. «Viamedis» ЖШС медициналық орталық, «Bukhtarma Energy» компаниясы жел электр станциясы, «Jana Jybek Joly Abai oblysy» серіктестігі қонақүй-мейрамхана кешенін салу жобаларын ұсынды.
Аймақ басшысы әрбір инвестициялық жобаның өңір үшін маңызды екенін атап өтіп, туындаған мәселелерді шешу бойынша тиісті басқармалар мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
«Аталған жобалар жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және салық түсімдерінің ұлғаюына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты барлық бастамалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қолдау табатын болады. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау – біздің басым міндетіміз. Президент те, Премьер-министр де бұл мәселені назарда ұстау туралы үнемі айтып келеді. Осы бағытта облыс деңгейінде жұмыс атқаруымыз керек. Облыс экономикасына үлес қосып отырған инвесторлардың еңбегін бағалау қажет. Біздің ортақ мақсатымыз – өзара сенімге және тиімді әріптестікке негізделген жұмыс жүргізу. Инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы тұрақты бақылауда болады. Барлық облыстық басқармалар мен өңір әкімдіктеріне инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп, туындаған кедергілерді уақтылы шешуді тапсырамын», – деді облыс әкімі.