
Облыс әкімі Берік Уәли Абай ауданының Қарауыл ауылындағы облыстық маңызы бар «Қарауыл – Семей» автожолы бойында ашылған жанар-жағармай бекетіне барды. Жобаның жүзеге асуына «LUKOIL Лубрикантс Орталық Азия» ЖШС және «GAS&MҰНАЙ» ЖШС қолдау білдірген.
Жобаға аймақ басшысының «Туған жерге туыңды тік» бастамасы аясында инвестиция тартылып, жақында халық игілігіне пайдалануға берілді. Нысанның жалпы аумағы 2500 шаршы метрді құрайды. Тартылған инвестиция көлемі – 350 миллион теңге. Бекет заманауи жабдықталған 6 колонкамен қамтылған. Бір мезгілде 12 көлікке бензин және дизель отынын құюға мүмкіндігі бар. Шағын маркет жолаушыларға қызмет көрсетеді.
Абай ауданында ашылған жаңа бекетте 15-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бекет аудан халқы үшін қолайлы қызмет ұсынып, жол бойындағы сервисті жақсартуға бағытталған.
Жанар-жағармай бекетінің жұмысымен танысқан аймақ басшысы нысанның аудан тұрғындары мен жолаушылар үшін маңызын атап өтіп, өңірде туризмнің дамуына да оң әсер ететінін айтты.
«Абай ауданы – туристер көп келетін өңірлердің бірі. Жаңа жанар-жағармай құю бекеті заман талабына сай, сапалы салынған. Инвесторға алғыс білдіреміз. Құтты болсын. Халық игілігіне жұмыс істей берсін», – деді облыс әкімі.