Абай облысында 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр

Абай облысында 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында өңірдегі 2026 жылға арналған құрылыс жоспарлары мен облыс аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі және оларды қорғау шаралары қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық құрылыс басқармасының басшысы Бекжан Бапышев және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан баяндады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 354 млрд теңгені құрады. 2026 жылға арналған құрылыс жұмыстарының күтілетін көлемі – 379 млрд теңге. Қазіргі таңда облыста бюджет қаражаты есебінен 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар off-take келісім аясында бірнеше білім, спорт және мәдениет нысандары салынып жатыр.

2025 жылы Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданында 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда «Абайға құрмет» акциясы аясында 16 жоба әзірленуде. Атап айтқанда, Достық үйі, көрме орталығы, Келешек мектебі, үстел теннисі орталығы, шығармашылық және медиа орталықтары, Ертіс өзенінің сол жағалауын абаттандыру, Жекпе-жек сарайы, Рәміздер алаңы, «Анаға тағзым» кешені, мешіт, стадион, ботаникалық парк, «Абай әлемі», руханият орталығы, желілік парк және қоғамдық кеңістігі бар мәдениет үйі жобалары қамтылған.

Аймақ басшысы жиында салаға жауапты орынбасары мен құрылыс басқармасына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, барлық әлеуметтік нысандардың құрылысы мен off-take келісім аясындағы жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды, 2026 жылға жоспарланған тұрғын үйді пайдалануға беру мен әлеуметтік осал топтарға арналған жалдамалы пәтерлерді уақтылы қамтамасыз етуді тапсырды.

«2026 жыл облысымыз үшін инфрақұрылымдық даму мен құрылыс саласында жаңа белестерге жол ашатын маңызды кезең болмақ. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және заманауи талаптарға сай инфрақұрылым қалыптастыру – басты басымдықтардың қатарында. Осы мақсатта тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар салу және инженерлік желілерді жаңғырту бағытында ауқымды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. 2026 жылға арналған құрылыс жоспарлары облыстың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың сұранысына сай қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталады», – деді облыс әкімі.