
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданының Шаған кентіндегі жаңа су құбырының ашылу рәсіміне қатысты.
Шаған кенті облыс орталығынан 75 шақырым қашықтықта орналасқан. Елді мекенде 569 адам тұрады.
Су құбыры желілерінің құрылысы жобасы былтыр басталып, биыл толық аяқталды. Жоба аясында 1 және 2 көтергіш сорғы станциялары, КТПН қондырғысы, су тазарту жүйесі, таза суға арналған резервуарлар салынды. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 19 шақырымды құрайтын су құбыры желілері тартылды.
Аталған жоба нәтижесінде Шаған кенті тұрғындары сапалы әрі таза ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар жаңа су құбыры елді мекеннің өрт қауіпсіздігін арттыруға да мүмкіндік береді.
Бұған дейін елді мекенде орталықтандырылған су құбыры мүлде болмаған. Ауыл тұрғындары суды ұңғымалар мен колонкалар арқылы тасып келген.
Аймақ басшысы жаңа нысанның іске қосылуы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға серпін беретінін атап өтті.
«Жаңа жыл қарсаңында ауылдарыңызға арнайы келіп отырмын. Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде 33 жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі бүгін сіздердің ауылдарыңызда іске қосылды. Құттықтаймын. Жолдың бойында орналасқан Шаған ауылының болашағы зор. Курчатов қаласы да жақын. Бұл шаһарға қазір ерекше мән беріліп, ғылым орталығы болайын деп жатыр. Шаған ауылы кеше ғана «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жарияланған «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпаз атанып, облысымыздың үздік 20 ауылының қатарына енді. Ауылға қажет жаңа тракторға ие болды. Бұл – үлкен жетістік, ауыл халқының береке-бірлігінің айғағы. Ауылдарыңыз өсіп, өркендей берсін», – деді аймақ басшысы.
Ауыл тұрғындары су құбырының пайдалануға берілгеніне ризашылықтарын жеткізді.
«Ауылымыз күнннен күнге көркейіп келеді. Суымыз келді. Жарығымыз бар, жолымыз бар. Расында, көп жұмыс жасалды. Ауылымызға «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында трактор бердіңіздер. Қуаныштымыз», - деді ауыл тұрғыны Әсемгүл Семізбаева.
Айта кетейік, биыл Жаңасемей ауданының Алғабас және Приречное ауылдарына ауыз су берілді.