Абай облысында спорт саласының үздіктері марапатталды

Абай облысында спорт саласының үздіктері марапатталды

Бүгін Семейде өңірдің үздік спортшылары мен спорт саласының қызметкерлерін марапаттауға арналған «Жыл үздігі – 2025» шарасы өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Берік Уәли, спорт ардагерлері, халықаралық және республикалық жарыстарда ел намысын қорғаған спортшылар, жаттықтырушылар мен спорт саласының мамандары қатысты.

Дәстүрге айналған бұл шара Абай облысында спортты дамытуға сүбелі үлес қосқан азаматтардың еңбегін бағалауға, олардың жетістіктерін кеңінен насихаттауға бағытталған.

Аймақ басшысы жиында өңір спортының дамуы мен алдағы міндеттерге тоқталып, спортшылар мен сала қызметкерлерін құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде «Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі. Мемлекет барлық аймақта спорт инфрақұрылымын дамытуға баса мән береді» деп атап көрсеткен болатын. Осыған сәйкес 2025 жыл Абай облысы үшін спортты жоспарлы әрі жүйелі дамыту, бұқаралық дене шынықтыруды кеңінен насихаттау және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті спортшылар даярлау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілген, мазмұнды әрі жемісті жыл болды. Жыл басынан бері облыс аумағында әр түрлі деңгейдегі спорттық-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылып, қала мен ауыл тұрғындарын, балалар мен жастарды, еңбек ұжымдары мен ардагерлерді қамтыған кең ауқымды жобалар іске асырылды. Айта кетерлігі, ересектер арасында дзюдо мен бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаттары Абай облысында соңғы 30 жылда алғаш рет өтіп отыр. Бұл – өңірдегі спорт инфрақұрылымы мен ұйымдастырушылық әлеуеттің жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын дәлелі», - деді аймақ басшысы.

Спортшылар «2025 жылдың жазғы олимпиадалық спорт түрлерінің үздік спортшысы», «2025 жылдың жазғы олимпиадалық спорт түрлерінің үздік жас спортшысы», «2025 жылдың қысқы олимпиадалық спорт түрлерінің үздік спортшысы», «2025 жылдың сурдлимпиадалық спорт түрлерінің үздік спортшысы», «2025 жылдың паралимпиадалық спорт түрлерінің үздік спортшысы», «2025 жылдың үздік аудан спортшысы», «2025 жылдың ұлттық спорт түрлерінің үздік спортшысы», «2025 жылдың ұлттық спорт түрлерінің үздік жас спортшысы», «2025 жылдың көрермен көзайымы» және «2025 жыл жаңалығы» аталымдары бойынша марапатталды. Сондай-ақ, Әлем чемпионаты, Азия чемпионаты және Азия ойындарының жеңімпаз жүлдегерлері мен жаттықтырушыларға да құрмет көрсетілді.

Шара барысында 25-ші Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Алтынбек Кәкітаев және Айым Жетпісбаеваға 1 бөлмелі пәтердің кілті табысталды.

2025 жыл облыс спортшылары үшін табысты жыл болды. Дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионатында 2 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль иеленіп, жалпы командалық есепте екінші орынға тұрақтады. Командалық жарыста өңір дзюдошылары жеңімпаз атанды. Бокстан Қазақстан чемпионатында да облыс спортшылары лайықты өнер көрсетіп, 1 алтын және 1 қола медаль алды.

«Туған жерге туынды тік» инвестициялық форумы аясында Семей қаласының әкімдігі мен «KAZ Minerals» ЖШС арасында меморандум жасалып, қалада 25 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы басталды. Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Абайға құрмет» акциясы аясында Семей қаласында Павлодар облысы Үстел теннисі орталығын, Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайын салып бермек.

Ерекше атап өтерлігі, жерлесіміз Әмірғали Мұратбеков Шортанды қаласында өткен ҚР Кубогінде скиатлон (20 шақырым) және масс-старт (30 шақырым) жарыстарында жеңімпаз атанып, Италия елінің Милан мен Кортин қалаларында өтетін 25-ші Қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алды.