Облыс әкімі аутизмі бар балаларға арналған оңалту орталығында болды

Облыс әкімі аутизмі бар балаларға арналған оңалту орталығында болды

Аймақ басшысы Семей қаласын аралау барысында аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған оңалту орталығының жұмысымен танысты.

Орталық облыс әкімдігінің қолдауымен 2023 жылы желтоқсан айында ашылған. Болат Өтемұратов қорының қолдауымен жұмысын бастаған Қазақстандағы 13-ші аутизм орталығы болып саналады. Мекеме 100 орынға есептелген. Мұнда 30 адам еңбек етеді. Ғимаратта жеті мамандандырылған кабинет, акт залы және мәжіліс залы бар.

Қазіргі таңда орталықта 0 жастан 18 жасқа дейінгі аутизм спектрі бұзылған 77 бала және олардың ата-аналары (заңды өкілдері) қызмет алуда. Жыл сайын мекеме аутизм спектрі бұзылыстары бар 300-ге жуық баланы қамтиды. Орталық ашылғалы бері 600-ден астам аутистік спектрі бұзылған балалар мен олардың отбасыларына тегін көмек көрсетті.

Сабақтар «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасының стандарттарына сәйкес алты интервенциялық бағыт бойынша жүргізіледі. Орталықтың негізгі мақсаты – аутизм спектрі бар балалардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған прогрессивті қолдау жүйесін дамыту және енгізу. Әрбір бала үшін жұмыс циклі үш айға есептелген және диагностикалық нәтижелер негізінде жеке бағдарлама бойынша реттеледі.

Аймақ басшысына орталықтың қызмет бағыттары мен көрсетілетін қолдау түрлері таныстырылды. Облыс әкімі Берік Уәли ғимаратты аралап, қызметкерлермен пікірлесті.

«Жауапкершілігі мол жұмыс атқарып отырсыздар. Балалармен жұмыс істеу оңай емес. Қоғамға пайдалы іспен айналысып жатырсыздар. Біз өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетеміз. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз», – деді аймақ басшысы.