
Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақсуат ауданының Үштөбе және Екпін ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар, Кіндікті ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, ал Қызылжұлдыз, Көктүбек, Сұлутал және Айнабастау елді мекендерінде медициналық пункттер салтанатты түрде ашылды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа медициналық нысандар заманауи талаптарға сай жабдықталып, диагностикалық, емдеу және алдын алу шараларын жүргізуге қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, дәрігерлік емханаларда компьютерлік техника, дефибриллятор, ультрадыбыстық және физиотерапиялық аппараттар, инфузиялық құрылғылар, небулайзерлер, пульсоксиметрлер, зертханалық және гинекологиялық жабдықтар орнатылды.
Нысандардың ашылу рәсіміне аудан басшылығы, медицина саласының қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Бұл әлеуметтік нысандар алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, ауыл медицинасын жаңа деңгейге көтеруге оң ықпал етеді.