Зейнетақы жинақтарының 2026 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегі жарияланды

Зейнетақы жинақтарының 2026 жылға арналған  ең төменгі жеткіліктілік шегі жарияланды

БЖЗҚ Әлеуметтік кодекстің талаптарына сәйкес жыл сайын келесі қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Заң ресми жарияланғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ өзінің интернет-ресурсында алдағы жылға есептелген зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін (ТЖШ) орналастыру туралы міндетін орындай отырып, 2026 жылға арналған ТЖШ туралы хабарлайды.
Естеріңізге сала кетейік, ТЖШ – бұл салымшыны ай сайынғы зейнетақының ең төменгі мөлшерінен төмен емес мөлшерде қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі мөлшері (міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған). Бұл ағымдағы және болжамды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, ең төменгі зейнетақы мөлшеріне, ең төменгі жалақыға, ең төменгі күнкөріс деңгейіне, сондай-ақ инфляция мен инвестициялық кірістілікке сүйене отырып есептелетін зейнетақы жинақтарының бағалау сомасы. Басқаша айтқанда, ең төменгі жеткіліктілік шегі – салымшы зейнеткерлік жасқа жеткенде ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемдерін (ең төменгі базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) алуы үшін шотта қалуға тиіс ең төменгі көрсеткіш.

ТЖШ есептеу зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесіне (бұдан әрі – әдістеме) (ҚР Үкіметінің 30.06.2023 №521 қаулысымен (бұдан әрі – №521 қаулы) бекітілген) сәйкес жүргізіледі.
Әдістемеге сәйкес, 2026 жылғы ТЖШ есептеу кезінде Қазақстан Республикасының «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңында айқындалған 2026 жылға арналған келесі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер пайдаланылды:
1) ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге;
2) зейнетақының ең төменгі мөлшері – 69 049 теңге;
3) ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге.

Нәтижесінде 2026 жылы ТЖШ мөлшері орта есеппен 10%-ға өсті, бұл жалпы инфляцияның ағымдағы және болжамды мәндеріне сәйкес келеді.

ТЖШ қатысты бейне түсініктеме – БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube арнасында.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).