Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында 2025 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру және желтоқсан айындағы мереке күндеріне дайындық барысы талқыланды.

Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек, ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Ыдырышева, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан, білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков баяндады.

2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жұмыспен қамту картасы аясында облыста 24 мың 925 адам жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде 16 мың 211 адам тұрақты, 8 мың 714 адам уақытша жұмысқа қабылданған.

Инфрақұрылымдық жобалар бойынша жыл басынан бері 1 648 адам жұмыспен қамтылды. Бұл бағытта тұрақты және уақытша жұмыс орындары ашылып, өңірдің әр аймағында жұмыспен қамту белсенді жүргізілуде. Жобаларды тиімді іске асыру мақсатында жұмысшыларды жаңа жобаларға қайта бағыттау шаралары да жүргізілуде. Бұл өз кезегінде жоспарланған жұмыс орындарын толық сақтауға мүмкіндік берді. Жұмысқа орналасқан азаматтардың басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналарымен қамтылған, электрондық еңбек шарттары енгізілуде.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 7 мың 486 адам жұмысқа орналастырылған. Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде облыста 9 мың 49 адам жаңадан ашылған кәсіпорындарға жұмысқа қабылданды. Кәсіпорындар ұсынған бос жұмыс орындары арқылы 6 мың 476 азамат жұмысқа орналасты.

Бизнес-идеяларды іске асыру үшін 205 грант берілді. Бұл өңірдегі шағын кәсіпкерлікті дамытуға қосымша серпін берді. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында мамандарға жеңілдетілген несиелер ұсынылып, ауылдық жерлерге кадр тарту жұмысы жалғасуда.

2026 жылға арналған жоспарлау жұмыстары да басталды. Келесі жылы 3 мың 977 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Оның ішінде 3 мың 167 уақытша, 810 тұрақты жұмыс орны қарастырылған. Бұл өңірдің жұмыспен қамту саласындағы тұрақты өсімін сақтауға бағытталған.

Аймақ басшысы жиында аудан, қала әкімдеріне жылдық жоспарды толық орындауды, инфрақұрылымдық жобалар аясында жоспарланған жұмыс орындарын ашуды, «әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» көрсеткішін уақтылы жүзеге асыруды, азаматтарды электрондық еңбек шарттарымен қамту бойынша нақты шаралар қабылдауды, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына міндетті зейнетақы жарналары бойынша анықталған бұзушылықтарды жоюды тапсырды.

Тәуелсіздік күніне орай облысқа қарасты қала және аудандарда 100-ге жуық еске алу, танымдық, ғылыми-сараптамалық, білім беру әлеуметтік және қайырымдылық сипаттағы іс-шаралар өткізу жоспарланған. Ал жаңа жыл қарсаңында өңірде жиыны 120-ға жуық мерекелік іс-шара ұйымдастыру көзделіп отыр.

Облыс әкімі жиында қаралған екінші мәселе бойынша мерекелік безендіру жұмыстарын тәртіппен және белгіленген мерзімде жүргізіп, мерекелік іс-шаралар кезінде қоғамдық, өрт және медициналық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігін айтты.