
Бородулиха ауданында қардың мол түсуіне байланысты аудандық және ауылішілік жолдарды тазарту қарқынды жүргізіліп жатыр. Әуелі негізгі көшелердің жүргін бөлігі аршылып, жиналған қар шығарылуда. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін жол жолағы кеңейтіледі.
Аудан орталығында тазарту жұмыстарын коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын атқаруда. Ал ауылдық елді мекендерде жолдарды күтіп-ұстау мердігер ұйымдармен жасалған келісімдер мен меморандумдар аясында жүзеге асуда.
Аудан аумағынан өтетін облыстық маңызы бар жолдарға «Семей жолдары» филиалы жауапты. Олар да қар және жолды көктайғақтан тазалау жұмыстарын қатар жүргізіп отыр.
Барлық бағыттарда қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін жұмыстар тәулік бойы жалғасады.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы Бесқарағай ауданында үздіксіз жалғасуда. Желтоқсан айының алғашқы қытымыр аязы мен қарлы ауа райына қарамастан, әр ауылда тазалық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Қыс түсісімен-ақ Бесқарағай ауданының коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Қар тазалау жұмыстарына 14 арнайы техника және 100-ге жуық маман жұмылдырылған. Сонымен қатар, аудан жастары мен мектеп оқушылары 21 жалғызбасты қарияға көмектесіп, ауласы мен үй маңын қардан тазалап берді.
«Ел көлеміндегі акцияға бесқарағайлықтар алғашқы күннен бастап белсенді қатысып келеді. Жаз айларында көшет отырғызу, абаттандыру және қоқыс шығару жұмыстарын атқарсақ, қазір қардан тазалау жұмыстарын жалғастырудамыз. Бұл акция барлығымызды біріктіріп, ортақ іске жұмылдырады. Сондықтан да әр тұрғынды бей-жай қалмай, атсалысуға шақырамын», – деді Бесқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сұңғат Назаров.