Қоянбай ауылында 4G интернет желісі іске қосылды

Қоянбай ауылында 4G интернет желісі іске қосылды

Абай облысының Бесқарағай ауданының Қоянбай ауылында Tele2 ұялы байланыс операторының 4G интернет желісі қолданысқа берілді. Бұл – Абай облысының елді мекендерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған Жол картасын жүзеге асыру аясында қолға алынған маңызды инфрақұрылымдық қадам. Жоба шеңберінде елді мекенде арнайы антенна-діңгекті құрылыс салынып, заманауи байланыс желісі орнатылды.

Ауыл тұрғындары үшін бұл жаңалықтың маңызы зор. Өйткені, Қоянбайда интернет мәселесі 10 жылдан астам уақыт бойы әрбір кездесуде көтеріліп келген. Ақыры көптен күткен мәселе шешімін тауып, елді мекен жұртшылығы қуанышпен қабылдады.

Қоянбай ауылы – Бесқарағай ауданының Ресей Федерациясымен шекаралас орналасқан елді мекендерінің бірі. Бүгінде ауылда 400-ге жуық тұрғын бар. Жаңа 4G интернет желісінің іске қосылуы ауылдың әлеуметтік және ақпараттық қолжетімділігін арттырып, білім беру, бизнес және мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта пайдалануға кең мүмкіндік ашады.

Қоянбай ауылында екі ай бұрын «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында жаңа медициналық пункт ашылған болатын.

Жыл соңына дейін Бесқарағай ауданының Морозов орманшылығы және Башкөл ауылдары, Аягөз ауданындағы Емелтау мен Қарағаш, Ақсуат ауданындағы Қызылкесік, Кіндікті және Үштөбе, сондай-ақ Жарма ауданындағы Жарық ауылдарын интернет желісіне қосу жоспарланған.

Жалпы, жыл басынан бері Абай ауданындағы Бөрілі елді мекені мен Жидебай қорығында антенна-діңгек құрылымы орнатылып, «КаР-Тел» ЖШС (Beeline) тарапынан сапалы интернет іске қосылды. Сонымен қатар, Абай облысында халық аз қоныстанған 26 ауыл «OneWeb» спутниктік технологиясы арқылы 50 Мбит/сек жылдамдықтағы интернетпен қамтылды.