Аягөз қаласында жаңа реанимация бөлімшесі жұмысын бастады

Аягөз қаласында жаңа реанимация бөлімшесі жұмысын бастады

Облыс әкімі Берік Уәли Аягөз қаласындағы орталық аудандық аурухана жанынан салынған жаңа реанимация бөлімшесін көрді.

1976 жылы пайдалануға берілген аудандық аурухана қазіргі таңда 220 төсек-орындық стационар мен ауданға қарасты барлық емдеу мекемелеріне қызмет көрсетеді. Мұнда 800-ге жуық медицина қызметкері жұмыс істейді, 50 мыңға тарта тұрғын тіркелген.

Он төсекке арналған реанимациялық бөлімше «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды. Бұған дейін реанимация бөлімі бейімделген тар бөлмеде орналасқан болатын. Жаңа ғимаратта жеке оқшауланған палаталар, диализ бөлмесі, бейнебақылау жүйесі, қан сақтау қоймасы, дәрігерлерге арналған жұмыс және демалыс бөлмелері қарастырылған.

Бөлімше жасанды тыныс алдыру аппараттары, мобильді рентген, жоғары сапалы УДЗ аппараты, видеофибробронхоскоп, дефибрилляторлар және басқа да маңызды реанимациялық құралдармен жабдықталуда. Бұл заманауи техникалар ауыр жағдайдағы науқастарға дер кезінде, жоғары деңгейде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Жыл сайын мұнда шамамен 500 адам, оның ішінде 60-қа жуық бала ем алады деп жоспарлануда. Нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына толық сәйкес келеді.

«Мұнда қазір 5 дәрігер, 4 мейірбике, 4 анастезия маманы жұмыс істейді. Құрылғылардың барлығы жаңа. Сонымен қатар тағы бір жобаны қолға алып жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, ауруханаға магнитті-резонанстық томограф орнату үшін жапсаржай салу жұмыстары басталмақ. Сол кезде толықтай көпсалалы аурухана аталатын болады», –дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков.

Нысанды аралап көрген аймақ басшысы жаңа бөлімшенің аудан халқы үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Көктемде келген кезде шаң-тозаң, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан. Қазір қарасаң көз тояды. Бұл тек Аягөзді ғана емес, көрші аудандардың тұрғындарына да қызмет көрсететін, ауыр науқастарды оңалтатын орын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!», – деді облыс әкімі.

Бөлімшеде ем алып жатқан науқастар жаңа медициналық мекеменің ашылғанына қуанышты екенін жеткізді.

«Кең, жарық ғимарат салып, Аягөз халқына көмектескендеріңізге көп рахмет. Дәрігерлерге, мейірбикелерге алғыс айтамын. Мұндай заманауи ғимарат ауданымызға өте қажет», – дейді емделуші Күлзат Мұсабаева.