
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Аягөз ауданының Тарлаулы ауылындағы К.Қадыржанов атындағы Қызылқия жалпы орта мектебіне барды.
Мектеп 1985 жылы ашылған. Қазіргі таңда 196 оқушы білім алады, 38 мұғалім еңбек етеді. Аймақ басшысы оқу кабинеттерін аралап, мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты. Биыл республикалық бюджет есебінен мектеп ғимараты толық күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, физика, бастауыш сынып, биология, робототехника және STEM пән кабинеттері жабдықталды.
Жөндеу және жабдықтау жұмыстарынан кейін мектепке үнемдеу есебінен қосымша 4 интерактивті тақта, 48 парта, 98 орындық, 10 шкаф, 10 мұғалім үстелі, кітапханаға сөрелер, мәжіліс залы мен мұғалімдер бөлмесіне орындықтар сатып алынып, мектептің материалдық-техникалық базасы толық жаңартылды.
«Мектептің алды-арты толық қоршалып, асфальт та төселді. Мектеп салынғалы бері осындай күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Биыл атқарылған жұмыстардың арқасында ғимараттың іші де, сырты да жаңарып, оқу кабинеттері заман талабына сай жабдықталды. Асхана, акт залы, пән кабинеттері, дәліздер түгел жаңартылды. Бұл – бүкіл ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы. Ең бастысы – балаларымыздың заманауи, жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуына жағдай жасалды. Алғысымыз шексіз», – деді мектеп директоры Кенжегүл Ешмұратова.
Аймақ басшысы жаңартылған кабинет жиһаздарын, мәжіліс залын, оқу бөлмелерінің жарықтандырылуын көріп, мектептің материалдық-техникалық базасының едәуір жақсарғанын атап өтті.
«Мектептің толық жаңарғанын, оқушылар үшін заманауи әрі қолайлы білім ортасының қалыптасқанын көріп, қуанып отырмын. Бұл балаларымыздың жарқын болашағына жасалған маңызды инвестиция. Жаңа кабинеттер, жабдықтар, цифрлық технологиялар оқу сапасын жақсартып, ауыл балаларының білімге деген құштарлығын арттырады. Материалдық база жаңартылды, ендігі басты міндет – балаларға сапалы білім беру. Келесі жылы осы ауылдың 5 көшесін жөндеуді жоспарлап отырмыз. Ауылды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасады», – деді облыс әкімі.