«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» кесенесіне апаратын көпір жөнделеді

«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» кесенесіне апаратын көпір жөнделеді

Облыс әкімі Берік Уәли бүгін Аягөз ауданындағы «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» кесенесіне баратын жолдағы көпірдің қазіргі жағдайымен танысты.

Кесене Тарлаулы ауылдық округі маңында орналасқан. Елдімекенде 1398 адам тұрады. Кесенеге апаратын шағын көпір 2014 жылы салынған болатын. Көпірдің ұзындығы – 10, ені – 8,  биіктігі - 3 метр.

2024 жылдың наурызында Аягөз өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуінен көпірге зақым келген еді. Осыған байланысты биыл Тарлаулы көпірін қоса алғанда аудан аумағындағы 9 көпірге техникалық тексеру жүргізілді. Сараптамалық қорытындыға сәйкес көпірдің жалпы техникалық жай-күйі апатты деп танылған.

Қазіргі таңда көпірді қайта салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобалау жұмыстары 31 желтоқсанға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

«Тарихи жерге арнайы ат басын бұрып, келіп отырмыз. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» кесенесіне келетін жұрт көп. Сондықтан баратын жол талапқа сай болуы керек. Көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы толық аяқталған соң келер жылы қаржы қарастырып, құрылыс жұмыстарын бастайтын боламыз», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі көпірдің жағдайымен танысқан соң «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» кесенесіне барды.

Тарлаулы ауылдық округі маңындағы махаббат мазары – VIII–IX ғасырлардан сақталған республикалық маңызы бар ескерткіш. Биіктігі 12 метр болатын төрт қырлы, табиғи тастан қаланған көне күмбез ерекше тарихи жәдігер ретінде бағаланады. 2002 жылы нысанға ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, қалпына келтірілген.

Кесене Тарлаулы ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 6 шақырым жерде орналасқан. 2014 жылы нысанға баратын 13 шақырымдық асфальт жол мен Аягөз өзенінен өтетін көпір салынып, туристік бағыттың инфрақұрылымы жақсарған. Ескерткіш республикалық маңызы бар тарихи нысан мәртебесіне ие.