
Облыс әкімі Берік Уәли бүгін Аягөз қаласында аудан тұрғындарымен кездесті. Жиында алдымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Айбек Нұғымаров 2024-2025 жылдардағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Аймақ басшысы өңірдің және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, шешімін күткен мәселелер және алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.
Аягөз – облыстың мал шаруашылығы мен егіншілікке бейім жетекші аудандарының бірі. Аудандағы ірі қараның үлесі 16,3%-ды, ұсақ малдың үлесі 18,1%-ды құрайды.
Ауыл шаруашылығының 2031 жылға дейінгі өңірлік инвестициялық жобалар картасына сәйкес Аягөз ауданында құны 9,8 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл аудандағы ауыл шаруашылығының дамуына, жұмыс орындарының ашылуына және өндіріс көлемінің артуына ықпал етпек.
Облысқа инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл инвестициялық жобалар саны 29-дан 97-ге дейін өсті, ал инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге жетті. Аягөз ауданында жалпы құны 1,9 трлн теңгені құрайтын, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашатын 6 ірі жоба жүзеге асырылуда.
Аягөз ауданында биыл жылу жүйесі жаңартылды. Қаладағы «Орталық» қазандығына қуаты 10 Гкал/сағат болатын үш жаңа қазандық орнатылып, 3,9 шақырым құбыр ауыстырылды. Су жүйелерін жаңарту да кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Биыл Байқошқар, Қорық және Ай (Мыңбұлақ) ауылдарының 2 мың тұрғыны таза ауыз сумен қамтылады.
Аягөз ауданының білім саласында да оң өзгерістер бар. Биыл Бозтаев атындағы мектеп-гимназия, №7 орта мектеп және Қадыржанов атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтті. Сонымен бірге ауданның 16 мектебінде ағымдағы жөндеу жүргізіліп, пән кабинеттері мен жаңа жабдықтар орнатылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Аягөз қаласында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Аягөз аудандық ауруханасына жаңа медициналық жабдықтар сатып алынады. Ауруханаға арналған реанимациялық бөлімнің көлемі кеңейтіліп, қосымша ғимарат салынды. Магниттік-резонанстық томограф орнату үшін жеке корпус құрылысына қаржы бөлінді. Келесі жылы ауданға 5 жедел жәрдем көлігі беріледі.
Кездесу барысында аймақ басшысы тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Бүгін атқарған жұмыстардың есебі мен көкейлеріңізде жүрген сұрақтарыңызға жауап беріп, алдағы жоспарлармен бөлісу үшін өздеріңізбен жүздесіп отырмын. Осыған дейін бірнеше рет арнайы келіп, әлеуметтік нысандарды аралап, ауданның тыныс-тіршілігімен таныстым. Ауданның жағдайы мен тұрғындарды алаңдататын мәселелерді жақсы білемін. Аягөз – облысымыздағы халық саны ең үлкен аудандардың бірі. Сондықтан да екі күнге келіп отырмыз. Жол, ауыз су, жарықтандыру сияқты проблемалар кезең-кезеңімен, жүйелі түрде шешіледі. Ауданның дамуы жеке бақылауымда болады», - деді облыс әкімі.