Тарбағатай ауылының өзекті мәселелері біртіндеп шешімін табады

Тарбағатай ауылының өзекті мәселелері біртіндеп шешімін табады

Облыс әкімі Берік Уәли бүгін Аягөз ауданының Тарбағатай ауылына барып, елді мекен тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерін тыңдады.

Тұрғындар ауылға бас дәрігер әкелу, учаскелік полиция пунктін ашу, Аягөз қаласы мен Тарбағатай ауылының арасына автобус жүргізу, жеңілдетілген несие беру, ауылдың төменгі бөлігіне су тарту секілді мәселелерді көтерді.

Аймақ басшысы Тарбағатай ауылының мәселелерін жақсы білетінін атап өтіп, әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.

«Тарбағатай — тоғыз жолдың торабында орналасқан, береке-бірлігі жарасқан, үлкен тарихы бар ауыл. Мал шаруашылығына қолайлы өңір. Ауыл халқымен кездесіп, мәселелерін тыңдауға арнайы келдік. Айтылған, берілген уәделерді орындаймыз. Су мәселесін шешеміз, ойын алаңдарын саламыз, мектепке ағымдағы жөндеу жүргіземіз. Биыл республикалық "Қарағанды-Боғас" жолының 18 шақырымы жөнделді, келесі жылы 60 шақырымнан астамы жөнделетін болады», — деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы мектептің асханасын, спорт залын, оқу кабинеттерін аралап, мұғалімдермен, оқушылармен пікірлесті.

Тарбағатай ауылындағы жалпы орта білім беретін мектеп 1981 жылы салынған. Қазіргі таңда 228 оқушы білім алады, 81 адам еңбек етеді.