
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Аягөз ауданының Малтүгел ауылындағы медициналық пунктті көрді.
Нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл пайдалануға берілді. Медициналық мекемеге 139 тұрғын тіркелген.
Ғимараттың жалпы аумағы – 60,5 шаршы метр. Нысан дәрігерге дейінгі және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Сондай-ақ ересектер мен балаларға консультациялық-диагностикалық қызмет, шұғыл және жоспарлы көмек, профилактикалық шаралар, акушерлік-гинекологиялық қызмет қарастырылған.
Медициналық пунктте 3 қызметкер еңбек етеді. Мекеме Тарбағатай дәрігерлік амбулаториясының құрамына кіреді және амбулатория есебінен санитарлық автокөлікпен қамтылған. Нысан ауылға жақын қыстақтарға да қызмет көрсетеді.
Заманауи талапқа сай салынған нысан ауыл халқына сапалы қызмет көрсетіп жатыр.
«Бұған дейін ауылымызда мұндай медициналық нысан болмаған еді. Соңғы отыз жылда жаңа ғимарат салынған жоқ. Биыл бой көтерген медициналық пункт ауылдың көркін ашып, тұрғындарға үлкен қуаныш сыйлады. Осында келіп, тексерілеміз. Іші жылы, заманауи үлгіде салынған. Ауыл тұрғындары атынан ризашылығымызды білдіреміз», - деді Малтүгел ауылының тұрғыны Ахметбек Мүрсәлім.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімді болуы маңызды екенін атап өтті.
«Аягөз ауданында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 7 медициналық нысан пайдалануға берілді. Соның біреуі сіздердің ауылдарыңызда бой көтерді. Медициналық мекемені арнайы көруге келдім. Заманауи үлгіде, жақсы салынған екен. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», - деді облыс әкімі.
Ауыл тұрғындары осы жерде аймақ басшысына жол жөндеу, ауыз сумен қамту, интернет орнатуға қатысты сауалдарын қойды. Облыс әкімі елді мекеннің өзекті мәселелері назардан тыс қалмайтынын, кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді