
Облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданының Алғабас ауылындағы Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.
Офф-тейк келісімімен салынған спорттық нысанның құрылысы 2024 жылы басталып, биыл аяқталды. Ғимараттың жалпы ауданы 888,5 шаршы метрді құрайды. Бір уақытта 110 адамды қабылдай алады.
Алғабас ауылында қазіргі таңда 883 тұрғын бар. Оның 210-ы – мектеп оқушылары, 9-16 жас аралығындағы балалар саны 96. Жаңа кешенге волейбол және баскетбол үйірмелеріне жаттықтырушыларды қабылдау басталды.
Аймақ басшысы жаңа ғимараттың ашылу салтанатында ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтап, спорт инфрақұрылымын дамытудың өңір үшін маңызын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халықтың саулығы – мемлекеттің басты байлығы. Спорт – ұлт денсаулығының негізі», – деп кәсіби спортқа жол ашып, ұлт саулығын жақсартуға серпін беретін бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Заманауи талаптарға сай салынған бүгінгі жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, балалар мен жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға және олардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Жаңа нысан ауылға жаңа серпін береді. Алғабас – береке-бірлігі жарасқан ауыл. Жаңа нысан баршаңызға құтты болсын! Спорт кешені тұрғындардың игілігіне қызмет ете берсін!», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы салтанатты шара барысында ауылға Газель көлігінің кілтін табыс етті.
Жаңа ғимараттың ашылуына орай ауылда волейболдан жарыс өтті. Облыс әкімі спортшылармен кездесіп, сәттілік тіледі.
Қазіргі таңда облыста 610 спорт нысаны жұмыс істейді. Спортпен шұғылданатын азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. 2023 жылы ұлттық құрама сапына 286 спортшы енсе, бұл көрсеткіш 2024 жылы 453-ке, ал биыл 474 спортшыға дейін ұлғайды. Облыс спортшылары соңғы жылдары Азия және әлем чемпионаттарында, Әлем кубогында және көшпенділер ойындарында 276 медаль жеңіп алды.
Соңғы жылдары өңірде спорттық инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. 2023 жылдан бастап облыс аумағында 10 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта 20 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы аясында Семей қаласы әкімдігі мен «KAZ Minerals» ЖШС арасында меморандум жасалып, 25 мың көрерменге арналған жаңа стадион салу көзделуде. Сонымен қатар, «Абайға құрмет» акциясы шеңберінде Павлодар облысы Үстел теннисі орталығын, Атырау облысы Мұз сарайын, ал Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайын салуды жоспарлап отыр.