
Облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданының Алғабас ауылындағы бірқатар нысандарды аралады. Алғабас – аудандағы ең шалғай елді мекендердің бірі. Облыс орталығынан 360 шақырым жерде орналасқан.
Аймақ басшысы әуелі ауылдағы су құбыры жүйесінің жұмысымен танысты. Округте ұзындығы 7,5 шақырым болатын, 11 колонкалы су құбыры желісі бар. 1974 жылы пайдалануға берілгендіктен, тозығы жетіп, жиі істен шығатын. Әсіресе қыс мезгілінде қиындықтар туындайтын. Осыған байланысты «Ауылды таза ауыз сумен қамту» бағдарламасы аясында 2023 жылдан бастап құбырларды ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, жақында толық аяқталды. Ауыл ішінде 73 сақиналы құдық, 25 гидрант орнатылды.
Сонымен қатар Алғабас ауылдық округі әкімшілігі мен «Аркс Минералс» ЖШС арасындағы меморандум аясында тыл ардагерлеріне, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және жалғызбасты зейнеткерлерге су құбырын үйге дейін жеткізу жұмыстары жүзеге асырылды. Нәтижесінде 205 үйге су тегін тартылды.
«Жеті айда екі рет келіп тұрсыз. Ауыл тұрғындары дән риза. Бұған дейін 50 жыл бұрын салынған су құбырын пайдаланып келдік. Қазан айынан бастап су берілді. Өте қуаныштымыз», – деді Алғабас ауылының ақсақалы Қаңтарбек Файзуллин.
Бұдан кейін облыс әкімі ауылдағы Быхин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің қазандығын көрді. Мектепке қарасты жылу қазандығы 1974 жылы салынған. Қазіргі уақытта қазандық әкімшілік ғимаратын, мектепті, жаңа әкімшілік нысанды, мешітті, қатымхананы және дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жылумен қамтамасыз етеді.
Биыл қазандық пештерін ауыстыру үшін аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Үш пеш толық ауыстырылып, ұзындығы 90 метр жылу трассасы жөнделді. Қыс мезгілінде жарық өшкен жағдайда қолданылатын авариялық генератор да сатып алынған.
Айта кетейік, осыдан 7 ай бұрын аймақ басшысы шалғайдағы Алғабас ауылына арнайы барған болатын. Сол кезде қазандықтың жағдайын көріп, әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтқан еді.
«Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылды. Уақтылы ақшасын бөліп, мердігер компанияны уақтылы қадағалап отырғанның арқасында ауылға таза ауыз су берілді. Көктем мезгілінде арнайы келгенімде «қазандықты ауыстырамыз» дедік, ауыстырылды. Айтылды-орындалды. Облыстың шалғайдағы ауылдары үнемі бақылауымда болады», – деді облыс әкімі.