
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте 2025 жылға жолды салу және жөндеу жобаларының іске асырылу барысы қаралды. Бұл туралы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының басшысы Айбек Әнуарбеков және «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалының директоры Мейіржан Бауыржанұлы баяндады.
Абай облысының жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының және елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 8052 шақырымды құрайды. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 89 пайызға жеткізу жоспарлануда. Осы жылы жалпы ұзындығы 430 шақырымды құрайтын жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын, елді мекен көшелерін және олардағы құрылымдарды жөндеуге, күтіп-ұстауға сондай-ақ құжаттама әзірлеуге әртүрлі деңгейдегі бюджеттерден 35,4 млрд теңге қарастырылған. Биыл Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 109 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді.
Абай облысы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 2 176 шақырым. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 786 шақырым болатын 12 жоба іске асырылуда. Биыл республикалық желі бойынша 12 зауыттан 1,631 млн.тонна асфальт шығарылып, 390 шақырым жол пайдалануға берілді. Жалпы жол құрылысына 8 мердігер компаниядан 1200 техника және 2000 адам жұмылдырылды.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалы республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары және көше-жол желісі нысандары бойынша жыл басынан бері 79 нысанға 501 рет шығып, бақылау жүргізді. Жалпы саны 3 304 сынама жасалды.
Аймақ басшысы жиында елді мекендер жолдарының жағдайы бойынша толық талдау әзірлеуді, Полиция департаментімен бірлесіп жол қауіпсіздігін күшейтуді, жөндеу жұмыстарын кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды.
«Қарастырылып отырған мәселе өте маңызды. Өңірдегі жол сапасы сын көтермейтіні рас. Біздің басты мақсатымыз – облыстағы асфальтталған жолдың үлесін арттырып, жол қауіпсіздігін күшейту. Осы бағытта бірлесе жұмыс істеуіміз керек», - деді облыс әкімі.