
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) бойынша эпидемиологиялық жағдай мен 2025 жылға жол салу және жөндеу жобаларының іске асырылу барысы талқыланды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұржан Ноғайбаев, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының басшысы Айбек Әнуарбеков және «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалының директоры Мейіржан Бауыржанұлы баяндады.
Облыста тұмау және ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда. Жергілікті бюджет есебінен халықтың осал және тәуекел топтарына 60 мың доза вакцина сатып алынды. Барлығы 60 701 адам егілді. Медициналық ұйымдарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың маңызы халыққа жүйелі түрде жеткізіліп келеді. Өңірде барлығы 246 инфекциялық төсек-орын бар.
Медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар жеткілікті. Барлық МСАК ұйымдарында 110 сүзгі кабинеті, 40 жедел жәрдем кабинеті жұмыс істейді.
Қаладағы 6 стационарда және барлық аудандық ауруханаларда оқшаулау бөлмелері ұйымдастырылған. Эпиджағдай Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп күнделікті бақылауға алынған.
Аймақ басшысы желтоқсанның ортасына дейін тұмау және ЖРВИ өсімі күтілетінін атап өтіп, бірінші орынбасары Ербол Садыр мен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабековке барлық медициналық, білім беру және әлеуметтік мекемелерде бетперде режимін сақтауды, инфекциялық төсек-орындарға күнделікті мониторинг жүргізуді және қосымша резервтік орындар дайындауды тапсырды. Денсаулық сақтау басқармасына аудан және қала әкімдерімен бірлесе отырып тұмауға қарсы екпе мен алдын алу шаралары бойынша түсіндіру жұмысын күшейту қажеттігін айтты.