
Көкпекті ауылында тұрғындардың қажеттілігі ескеріліп, «Толағай» белсенді өмір орталығы жұмысын бастады. Ауыл тұрғындары бұған дейін бос уақытты тиімді өткізуге және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға арналған арнайы жабдықталған орталықтың тапшылығын бірнеше рет айтқан болатын. Осы мәселені шешу мақсатында ауыл халқына қолжетімді, заманауи талаптарға сай спорттық нысан пайдалануға берілді.
Орталық жүгіру жолақтары, гирлер, велотренажерлер, әйелдерге арналған фитнес алаңымен қамтамасыз етілген.
«Толағай» орталығы бір мезетте 40–45 адамды қабылдауға мүмкіндік береді. Нысан аптасына алты күн жұмыс істейді. Ерлер мен әйелдерге арналған мерзімдер жеке кесте бойынша ұйымдастырылған.
Аталған орталықтың ашылуы ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын қалыптастыруға, сондай-ақ жастардың спортпен жүйелі айналысуына қолайлы жағдай жасайды.