
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «EA GROUP HOLDING» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Семей қаласында балаларға арналған футзал академиясын салу жобасы талқыланды.
Инвесторлардың айтуынша, жоба аясында әлемдік стандарттарға сай келетін жабық спорт кешені бой көтереді. Балаларға арналған футзал академиясының базасында 400-500 баланың спортпен айналысуына мүмкіндік беретін жабық спорт кешені, оқу және медициналық блок, ашық алаңдар мен демалыс аймақтары қарастырылады. Бір мезетте 150 бала тұратын интернат бой көтереді.
Аймақ басшысы жобаның өңір спорты үшін маңызды екенін атап өтті.
«Семей – қазақ футболының Отаны. «Елімай» футбол командасы мен «Семей» футзал клубы бүгінде жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. Бұл жоба осы командалардың ізбасарларын дайындауға мүмкіндік береді. Сондықтан игі бастаманы қолдаймыз. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті көмектің барлығын көрсетеміз», - деді облыс әкімі.
«EA GROUP HOLDING» компаниясы облыстың әлеуметтік-мәдени нысандарын үнемі назарында ұстап, қолдау көрсетіп келеді. Бұған дейін Семейдегі Невзоров атындағы музейге картина алуға, Абай атындағы театрдың өзге өңірлерге гастролдік сапарларға шығуына жәрдемдесіп, облыс орталығындағы мектептердің біріне жөндеу жүргізген.