
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Отырысқа облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, аудан және қала әкімдері қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады.
Биыл облыста 782,1 мың гектар алқапта егін жиналды. Оның 296,5 мың гектары дәнді дақылдар, 339,4 мың гектары майлы дақылдар, 5,9 мың гектары картоп және 5,2 мың гектары көкөніс-бақша дақылдары. Дәнді дақылдардың барлығы жиналып, 348,9 мың тонна астық бастырылды.
Өнімді сақтау үшін облыста қуаттылығы 173 мың тоннаны құрайтын үш лицензияланған элеватор мен 870 мың тоннаға жуық астық қоймалары жұмыс істейді. Сонымен қатар жалпы сыйымдылығы 51,8 мың тоннаны құрайтын 13 көкөніс қоймасы бар.
Өңірдің мал шаруашылығында өсім тіркелді. Ірі қара 784,2 мың басқа, қой-ешкі 1,279 млн басқа, жылқы 390 мың басқа жетті. Ет өндірісі 63,7 мың тоннаны құрады, сиыр сүті 275,2 мың тонна болды. Асыл тұқымды мал басының үлесі жыл сайын артып келеді.
Облыста 17 бордақылау алаңы жұмыс істейді. 3,2 мың сауын сиырға арналған сегіз сүт-тауарлы ферма мен жеті сүт қабылдау пункті бар. Биылғы 10 айда 13,1 мың тонна сүт жиналды. Алдағы жылдары жалпы қуаттылығы 5,4 мың басқа арналған тоғыз жаңа сүт-тауарлы фермасын салу жоспарлануда. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда өңірде қосымша 29,7 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік пайда болады. Осыған орай индустриялық аймақта сүт зауытын салу мүмкіндігі қарастырылуда.
Агроөнеркәсіп өнімдері экспорты 174,4 млн АҚШ долларын құрады, оның 76,5%-ы өңделген өнім. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің 14-і облыста өндіріледі.
Өсімдік майы, ұн, макарон, сүт өнімдері, шұжық және ет өндіру салаларында да жобалар жүзеге асырылуда. «Qazaq Astyq Group» ЖШС желтоқсан айында тәулігіне 200 тонна тазартылған өсімдік майын өндіретін желіні іске қоспақ. «Eurasia Agro Semey» ЖШС Жаңасемей ауданында қуаттылығы ауысымына 35 тонна ет өңдейтін комбинаттың құрылысын жүргізіп жатыр. Жоба 2026 жылдың тамызында аяқталады.
Аймақ басшысы әкімдік отырысында жергілікті атқарушы органдардың міндеті бекітілген жоспарларды сапалы орындау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірдің ішкі нарығын тұрақты өніммен қамту екенін атап өтті. Облыс әкімі жиында салаға жауапты орынбасары Думан Оспановқа, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаевқа, қала және аудан әкімдеріне ауыл шаруашылығы саласын дамыту жөніндегі шараларды жүйелі түрде іске асыруды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасында белгіленген нысаналы индикаторларды толық орындап, оның іске асырылуына тұрақты мониторинг жасап, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігін айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында аса өзекті мәселелердің бірі ретінде азық-түлік нарығындағы шетелге тәуелділікті азайтуды атап өтті. Осыған байланысты Президент Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Ең алдымен ауыл шаруашылығын дамыту, фермерлерді жан-жақты қолдау, ауылдық инфрақұрылымды жетілдіру және жаңа агротехнологияларды енгізу қажет. Сондай-ақ ішкі нарыққа өнімді тұрақты жеткізу үшін өңдеу өнеркәсібі мен логистиканы күшейту маңызды», – деді аймақ басшысы.