
Орал қаласында Қазақстан–Ресей өңіраралық форумы өтті. «Жұмысшы мамандықтары – экономикалық өсімнің қозғаушы күші» тақырыбындағы форум жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин бейнебайланыс арқылы қатысып, сөз сөйледі.
Маңызды іс-шараның пленарлық сессиясына облыс әкімі Берік Уәли бастаған Абай өңірінің делегациясы қатысты. Делегация құрамында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, цифрландыру және жастар саясаты басқармаларының, сондай-ақ «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшылары бар.
Аймақ басшысы форум аясында Ресей Федерациясының Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценкомен және Алтай өлкесі губернаторының орынбасары Юрий Абдуллаевпен кездесіп, өңіраралық қатынастардың қазіргі жағдайы мен келешек даму перспективаларын талқылады. Қос мемлекеттің басшылары қойған міндеттерді орындау мақсатында экономикалық әріптестікті күшейту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ логистика мен транзиттік мүмкіндіктерді жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесуде білім, мәдениет және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастық, туристік бағыттарды дамытудың тиімді жолдары, сондай-ақ шағын және орта бизнес үшін бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Инвесторларды тарту, инфрақұрылымдық жобаларды жеделдету және шекаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында нақты бастамаларды бірлесе қарастыруға келісті. Өзара көрші аймақтар ретінде өңірлер арасындағы тұрақты байланыстарды сақтау қажеттігі айтылды.
Форум барысында сондай-ақ Абай облысының «Кондиз» ЖШС және Ресей Федерациясының Қазан қаласындағы «Болашақ» компаниясы арасында өз өнімдерін жеткізу туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім Абай облысында өндірілетін кондитерлік өнімдердің жаңа нарыққа шығуына жол ашып, өңіраралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтпақ.
Форум аясында жұмысшы мамандықтарының рөлін арттыру, өндіріс пен технологияны дамыту, көлік және логистика салаларындағы серіктестік мәселелері қаралды. Сонымен қатар қос елдің іскер топтары арасында B2B форматындағы кездесулер өтті.